Елімізде бірқатар әлеуметтік төлем мөлшері өсті. Мемлекет басшысы жақында «2023 – 2025 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заңға қол қойған.
Сонымен қаңтардан бастап ең төменгі жалақы мөлшері 70 мың теңге, айлық есептік көрсеткіш 3 450 теңге болып бекітілді. Мемлекеттік базалық зейнетақы төлемінің ең төменгі мөлшері 21 907 теңге, ал ең төменгі зейнетақы – 53 076 теңге болды. Базалық әлеуметтік төлемдердің мөлшерін есептеу үшін ең төменгі күнкөріс көлемі 40 567 теңге болып өзгерді.
Бала күтіміне байланысты берілетін төлем де өсті. Бірінші балаға – 19 872 теңге, екінші балаға – 23 495 теңге, үшінші балаға – 27 083 теңге беріледі. Бұған дейін Мемлекет басшысы бала күтімі бойынша берілетін төлем мерзімін бір жарым жылға дейін ұзартуды тапсырған еді. Енді төлем алып отырған баланың ата-анасы жұмысқа бір жарым жылдан ерте шыққан жағдайда әлеуметтік төлем мөлшері мемлекеттік жәрдемақымен бірдей деңгейде есептеледі.
Сондай-ақ айыппұл да өсті. Жылдамдықты 10-20 километрге арттырғаны үшін жүргізушілер 17 250 теңге, сағатына 20-40 километрге арттырса, 34 500 теңге айыппұл төлейді. 40 километрден асырғаны үшін 69 мың теңге айыппұл салынады.
Ақерке Бектас