ШҚО-да қарлы бораннан жолдар жабылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

ШҚО-да қарлы бораннан жолдар жабылды

04.01.2023

Жаңа жылды шығыстағы ел-жұрт та қарлы боранмен қарсы алды. Аймақта соңғы үш тәулікте дауыл тоқтаусыз соғып тұр. Кеше облыстық маңыздағы 7, ал республикалық дәрежедегі 2 жолдың біраз бөлігі уақытша жабылған. Әлі толық ашылған жоқ. Кеше кешке Өскемен-Семей тас жолының Өскемен-Төлеген Тоқтаров ауылына дейінгі аралық жабылған.

Бүгін бұл жол ашылды. Дегенмен қарлы боран әлі соғып тұр. «Қазгидромет» орталығы аймақта қолайсыз ауа райы әлі де сақталатыны туралы хабарламаны жіберіп жатыр. Жалпы елімізде ауа райының нашарлауына байланысты 100-ден астам жол учаскесі жабылды.

Жолдағы төтенше жағдайларды жою жөніндегі республикалық штаб құрылды. Соңғы тәулікте 146 техника қар құрсауынан шығарылып, жолда қалған 700-ге жуық адамға көмек көрсетілді.  

Олжас Керейхан

Хабарламаларға жазылу