Қытай шетелден келген жолаушыларды карантинге жаппайтын болды. Мұндай шешім елде коронавирус жұқтырушылар көбейсе де қабылданып отыр. Ал, Жапония желтоқсанның 30-нан бастап, өз аумағына ковидпен кірген қытайлықтарды жеті күнге оқшаулайтынын жариялады.
Жолаушылар үшін карантин доғарылады
Қытайда қаңтардың 8-нен бастап шетелден келгендер карантинге алынбайтын болды. Бірақ, сол жолаушылар осы елге жетерден екі тәулік бұрын тест тапсырып, коронавирус жұқтырмағанын дәлелдеуі керек. Және де Қытай аумағына кірушілерден маска тағу талап етіледі. Мұны осы елдің денсаулық сақтау комиссиясы мәлімдеді.
Айта кетсек, бұған дейін Қытайға барған адам бес күн қонақ үйде оқшауланып, содан кейін үш күн үйге қамалатын. Мұның салдарынан жергілікті тұрғындар шетелге шығуды азайтып, Қытайға барып жұмыс істеушілер мен білім алушылар саны да күрт кеміген.
Тағы бір айта кететін жайт, карантин доғарылып жатқандықтан, қытайлықтар енді коронавируспен бірге өмір сүруге бейімделуі керек.
Линь Цисинь, Шанхай тұрғыны:
Мен пандемиямен өмір сүруге дайынмын. Өйткені, карантин ұзақ мерзімдік шешім емес. Біз көктем мерекесінен кейін тағы бір індет толқынына тап болуымыз мүмкін. Сондықтан вируспен қатар тіршілік етуге бейімделуіміз керек.
Қарашаның соңында Қытайдың ондаған қаласында қатаң локдаундарға қарсы шерулер өтті. Сол наразылықтардан кейін, яғни, желтоқсанның 7-де Коммунистік үкімет нөл-ковид саясатынан бас тартуға кірісті. Бірақ, содан бері Қытайда жұқпалы індет қайта өршіп, ауруханалар науқастарға толып, жерлеу бюроларының қызметіне сұраныс артып отыр.
Чжоу Инь, Пекин университеті халықтық ауруханасының медбикесі:
Біздің күнделікті жұмысымызға өте үлкен салмақ түсіп жатыр. 530-дан астам науқас қабылдап, төтенше жағдайға жеттік. Олардың барлығында оттегі деңгейі 50, 60, 70 пайыз ғана. Медициналық қызметкерлеріміз де бірінен соң бірі ауырып жатыр. Соған қарамастан, олардың кейбірі жұмысты тоқтатқан жоқ.
Жапония
Қытайда пандемиялық шектеулер босаңсып, вирус жұқтырушылардың күрт көбеюі Жапонияны алаңдатып отыр. Бұл мемлекет желтоқсанның 30-да елге келген қытайлықтардан тесттің негативтік нәтижесін талап етпек. Мұны жапон үкіметінің басшысы Фумио Кисида бүгін хабарлады. Оның мәлімдеуінше, коронавирусқа шалдыққан қытайлықтар келсе, олар жеті күнге карантинге жабылады.
Айта кетсек, Жапония шетелдік туристер үшін өз шекарасын қазан айында ғана қайта ашқан еді.
Арыстан Рысбек