Сенат сайлауы: кандидаттарды тіркеу аяқталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Сенат сайлауы: кандидаттарды тіркеу аяқталды

26.12.2022

Сенат депутаттығына сайлауға түсуге 66 кандидат тіркелді. Олардың 20-сы әйел. 63 адам өзін өзі ұсынған. Ең жас үміткер 31-де. Кандидаттар арасында дәрігерлер, инженерлер, заңгерлер, саясаттанушылар, журналистер мен ауыл шаруашылығы саласының қызметкерлері бар.

Айта кетейік, үміткерлерді ұсыну 14 желтоқсанға дейін жалғасты. Ал кандидаттарды тіркеу мен сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары 24  желтоқсанда басталды. Оны өткізуге 19 күн беріліп отыр. Яғни, сайлауға бір күн қалғанда түнгі сағат 12-де аяқталады. 13 қаңтар – тыныштық күні.

Нұрлан Әбдіров, ҚР Орталық сайлау комиссиясының төрағасы:

Негізі 130 үміткер құжаттарын тапсырған болатын. Орташа алғанда бір орынға 3 үміткер. Өңірлер арасында ең көп кандидат Алматы қаласы мен Жамбыл облысында, бес адамнан тіркелді.

4 кандидат Абай және Түркістан облыстарында тіркелген. Қалған 15 облыста және Шымкент қаласында 3 кандидаттан тіркелді. Кандидаттардың аты-жөні сайлау бюллетеніне әліпби тәртібімен жазылады. «Бәріне қарсымын» деген жол да енгізіледі. Сайлау туралы Конституциялық заңның 37-бабына сәйкес, бюллетеньдер облыстағы сайлаушылардың жалпы санының 1 пайызы резервімен дайындалады.

Отырыста интернет-ресурстың функционалды регламентін бекіту де пысықталды. Еске сала кетейік, 14 қаңтарда Сенат депутаттарын сайлау өтеді. Еліміздің 20 өңірінен бір-бір депутат сайланады. Әр кандидатқа бюджеттен 550 мың теңге қаражат бөлініп отыр.

Дарын Сағитов

Хабарламаларға жазылу