Суперпрезиденттіктен алшақтап, Президенттік Республикаға айналуымыз керек - Қасым-Жомарт Тоқаев - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Суперпрезиденттіктен алшақтап, Президенттік Республикаға айналуымыз керек - Қасым-Жомарт Тоқаев

25.12.2022

Мемлекет басшысы суперпрезиденттік жүйеден бас тартып, Парламенті мықты Президенттік Республикаға айналуымыз керек деді. Ол үшін ең алдымен «Нұр Отан» партиясының атауын «Аманат» деп өзгертіп, өзі Төраға қызметінен кетті. Әрі Орталық сайлау комиссиясы төрағасы мен әкімдердің де ұйым құрамында болмауы керектігін айтты. Бұл саяси бәсекені арттырып, барлық партияның бірдей дамуына жол ашады деген еді Мемлекет басшысы.

Тағы бір реформа – Президенттің жақын туыстарын билікке жақындатпау. Өйткені «Тамыр-таныстық кадр іріктеу ісін бұрмалап, сыбайлас жемқорлыққа әкеледі, олигархиялық топтардың ықпалын орынсыз күшейтеді» деді, Тоқаев. Сондықтан шағын ғана топтың шалқып өмір сүруіне жол бермеу үшін Президенттің жақын туыстарына мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік секторда басшылық лауазымдарды иеленуге заңмен тыйым салынды.

Сондай-ақ партияларды тіркеу едәуір жеңілдетілді. Бұрын саяси ұйымды тіркеу үшін 20 мың қол қажет болса, қазір 5 мың адам жеткілікті. Әрі өңірлердегі өкілдер саны 600-ден 200 адамға дейін азайтылды. Партия съезін өткізуге және филиалдарды құруға берілетін уақыт көбейді. Бұл саяси кеңістікті дамыту үдерісін жандандырып, сайлаушылардың қордаланған проблемаларын шешуге қабілетті жаңа партиялардың пайда болуына жол ашпақ.

Тағы бір саяси өзгеріс – сайлаудың пропорционалды-мажоритарлық моделі енгізілді. Оған сай енді Мәжілістің депутаттық корпусы мынадай тәртіпте жасақталады: 70%-ы – пропорционалды, яғни партия атынан. 30%-і мажоритарлық негізде. Яғни оларды халық сайлайды, үмітін ақтамаса мандатын қайтарып алады. Әрі облыстық, қалалық, аудандық мәслихаттарға да осындай жүйе енгізілді.

Биыл мәслихаттың ықпалы арта түсті. Ол үшін облыс әкімдерін тағайындау тәртібі өзгерді. Мәселен бұрын мәслихат депутаттары Мемлекет басшысы ұсынған бір ғана кандидатқа келісім беретін я бермейтін. Енді облыс немесе республикалық маңызы бар қала әкімі лауазымына Президент кемі екі кандидатты ұсынады. Оның қайсысы әкім болатынын мәслихат депутаттары ашық дауыс беру арқылы анықтайды.

Бұдан бөлек, биыл Конституциялық сот құру туралы бастама көтеріліп, Бас прокурор және Адам құқықтары жөніндегі уәкіл туралы заңдар жетілдірілді. Абай, Ұлытау облыстары құрылып, Алматы өңірі екіге бөлінді. Жетісу облысының орталығы Талдықорған болса, Алматы облысының орталығы Қапшағай болып, қалаға Қонаев есімі берілді.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың саяси реформаларын жүзеге асыру үшін Конституцияның үштен бірі яғни 33 бабына түзету әзірленді. Оны қабылдау үшін араға 27 жыл салып жалпы халықтық референдум өтті. 5 маусымда болған саяси шарада дауыс бергендердің 77 пайызы Ата заңға енгізілетін түзетулерді қолдады.

Ал 1 қыркүйекте Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа жолдауын жариялап, кезектен тыс Президент сайлауына түсуге дайын екенін мәлімдеді. Әрі Президент мандатын бір реттік 7 жылдық мерзіммен шектеу туралы бастама көтерді. Сөйтіп, қарашаның 20-сында саяси дода өтіп, Тоқаев 82 пайыз дауыс жинап жеңіске жетті.

Шерхан Жамбылұлы

Хабарламаларға жазылу