«Дипломат» онлайн-журналы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа Қазақстан» құру идеясына ерекше тоқталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Дипломат» онлайн-журналы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа Қазақстан» құру идеясына ерекше тоқталды

17.03.2022

Шетелдік басылымдарда Президент Жолдауына қатысты мақалалар жарық көрді. Ақпарат агенттіктері әсіресе Қасым-Жомарт Тоқаеавтың саяси жүйені жаңа жағдайға бейімдеу туралы ойына ерекше тоқталған. Халықаралық басылымдарға әріптесім Ақерке Бектас шолу жасайды.

Ақерке Бектас, тілші:

«Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз кеңсесінің өкілеттігін азайту үшін конституциялық реформалар ұсынды. Мақсат - мемлекетті «суперпрезиденттік» басқарудан мықты парламенті бар президенттік республикаға айналдыру». Халықаралық «Рейтер» агенттігі жариялаған мақала осылай деп басталады. Президенттің парламенттік сайлау жүйесін өзгертуге және конституциялық сотты қайта құруға үндеуі де назардан тыс қалмаған.

Жолдауға бельгиялық ақпарат құралдары да назар аударған. EU Reporter агенттігі Президент Тоқаев Конституциялық сот құру арқылы, тәуелсіз сот пен заң үстемдігін қалыптастыруға ұмтылады деп жазған. Сонымен бірге басылым жаңа Қазақстан үшін Жолдауда айтылған мәселелер түбегейлі өзгеріске алып келуі мүмкін екенін атап өткен.

Ассоушиейтид пресс Қасым-Жомарт Тоқаев елде саяси дағдарысқа жол бермеу үшін жаңа бастама көтерді деп жазды. Басылым супер президенттік жүйеден бас тарту ұсынысына жекелей тоқталған. Сонымен бірге, мақалада Қазақстан Үкіметі халықтың өмір сүру деңгейінің күрт төмендеуіне жол бермеу үшін дағдарысқа қарсы шараларды қабылдап жатыр деп жазылған.

Бразилияның «Дипломатия Бизнес» ақпараттық және іскерлік порталында да «Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына жолдау жасады» деген мақала жарық көрді. Онда Қазақстан Президенті саяси реформалардың ауқымды бағдарламасын жақын арада жүзеге асыруға ниетті деп жазған.

Әл-Жазира телеарнасының сайтында автор Жолдауда айтылған реформалар жаңа саяси партияларды тіркеуді әлдеқайда жеңілдетуге септігін тигізеді деп жазды.

Мемлекет басшысының Жолдауына қатысты ақпарат таратқан әлемдік басылымдар арасында халықаралық «Дипломат» онлайн-журналы да бар. Басылым Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа Қазақстан» құру идеясына ерекше тоқталды. Мақалада Президент көтерген мәселелер түгел қамтылып, Президент үшін мемлекеттің біртұтастығы алдыңғы кезекте тұрған мәселе екені баса айтылған. «Тоқаев ретсіз саяси реформалар мемлекеттің әлсіреуіне әкеледі деп мәлімдеді. Бұл - әркез ескерілуге тиіс» деп автор өз бағасын береді.

Ақерке Бектас

Арай Төлегенқызы


Хабарламаларға жазылу