Қарыз астында қалған қазақстандықтар саны көбейіп барады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қарыз астында қалған қазақстандықтар саны көбейіп барады

25.12.2022

Жыл өткен сайын қарыз астында қалған қазақстандықтар саны көбейіп барады. Әсіресе биыл несие алған азаматтар саны күрт өскен. Ұлттық банк мәліметіне сәйкес, қазақстандық банктер алдындағы несиелердің жалпы сомасы 20 трлн теңгеден асқан. Олардың басым бөлігі: 13 трлн теңгеге жуығы жеке тұлғалардың кредиті. Жыл басымен салыстырғанда несие көлемі қыркүйек айында 18,6% артқан.

Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығының сарапшылары кредиттердің көбеюіне жеңілдетілген несие де әсер еткенін айтады. Әсіресе мемлекеттік бағдарламалар арқылы баспананы төмен пайызға алған азаматтар саны артқан. Тұтынушылық қарыз алушылар да көбейген.

Кредиттер көлемі өсуіне инфляцияның әсер еткенін де жоққа шығара алмаймыз. Баспана, көлік, техника, қала берді, азық-түлік те қымбаттады. Жалақысын тұрмыс үшін ең қажет дүниеге жеткізе алмаған халық «бөліп төлеу», «айлыққа дейін қарыз» сияқты тетіктерге жүгінеді. Шағын қаржы ұйымдары ғана емес, екінші деңгейлі банктер де сұранысқа қарай осындай қызметті қосып қойған. Тіпті, шағын қарыз бермес бұрын басқа банктерде несиесі бар-жоғы тексерілмейді. «Шағын қарыз» дегеніміздің өзі -200-300 мың теңге. Осылайша, бір басында 3-4, тіпті, 10 шақты несиесі бар қазақстандықтар пайда болады. Өмір қымбаттаған сайын кредиттер көлемі де өсіп келеді. Ал несиелеу көлемі артқан сайын инфляция да ұша бермек.

Өткен аптада табысының жартысынан астамын тамаққа жұмсайтын ел ретінде Қазақстан Еуропа арасында бірінші орында екенін айтқан едік. Нәпақасының басым бөлігін азық-түлікке ғана жеткізіп отырған халық не істейді? Несиелерін қалай жабады? Үкімет ондай азаматтарға өзін-өзі банкрот деп жариялауды ұсынып отыр. Оңғар Алпысбайұлы мәселені зерттеп көрді. 

Баян Қосқұлова 5 баланың анасы. Астанада 8 жыл баспана жалдап тұрыпты. 3 жыл бұрын мемлекеттік бағдарламамен пәтер алады. Әуелде бәрі жақсы көрінген.

Баян Қосқұлова, көпбалалы ана:
Көбісі ойлайды 2 пайыз аз деп. Ал былай қарасаңыздар 2 процентті жылдарға көбейтсеңіздер ол 4 млн болады.

Көп ұзамай отағасы құрылыста ауыр жарақат алып, 3 ай ауруханада ем қабылдайды. Несиенің шырмауына осы кезде батып кеттік, - дейді кейіпкеріміз.

Баян Қосқұлова, көпбалалы ана:
Сол кезде төлей алмай қалдық осы ипотекамызды. Бағалаушылар алып қоямыз деп бізді қорқытып бастады. Қорыққанымнан мен барып кредит алдым. Бір ипотекамды жабу үшін басқа кредит алдым.

Ұлттық банктың берген ақпараты бойынша биылдың өзінде қаржы ұйымдарынан қарыз алғандар күрт көбейіп кеткен.

Қазақстанда еңбекке қабілетті 9 миллион 200 мың адам болса соның 7 миллион 200 мыңында несие бар. Оның басым бөлігі бір емес бірнеше қарыз жауып отыр.

Ғазиз Құлахметов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Автокөлікке, ипотекаға, болмаса әртүрлі тұтыну қажеттілігіне алып жатқан несиелер триллондардан, қазір енді 20 триллионның үстіне шығып кетті.

Несие санымен бірге қордаланып, қайтпай жатқандары да көбейіп барады. 90 күннен артық төленбей жүрген несиелердің соммасы 434 миллиард теңгеге жеткен. Бұл жыл басымен салыстырғанда 81 миллиард теңгеге көп.

Есенғали Өскенбаев, СДУ қауымдастырылған профессоры, экономика сарапшысы:
Қаржы реттеу үшін берілген пайыздық мөлшерлеме 16, ал екінші деңгейлі банктердікі жобамен 20 процент деп алсақ, азаматтардың табысынан қалған қаражаттары жетпейді. Сондықтан олар несие алғаннан кейін тағы да бірнеше несие алуға мәжбүр болады.

Парламент депутаттары несиеге тәуелділіктің негізгі екі себебі бар деп отыр.

Дәния Еспаева, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Ең бірінші – мұқтаждық. Себебі қазір қазақстандық азаматтардың ипотекасы дейміз. Көптеген қазақстандықтар несиені ипотекаға алады. Азық-түлік бағасы көтерілді, киім алуға, баланы оқытуға, оның бәріне қазіргі жалақылары жетпей жатыр.

Қазір екінші деңгейлі банктер де несие беруді негізгі табыс көзіне айналдырған. Агрессивті жарнама мен рәсімдеу тәртібінің тым жеңіл болуы халықты жосықсыз қарыз алуға итермелейді дейді.

Дәния Еспаева, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Біз зерттеп отырмыз көптеген кредиттерді студенттер де алады. Студенттер не үшін алады. Ұялы телефон сатып алу үшін. Тағы да сондай керек емес заттарға алатын болады.

Экономист Есенғали Өскенбаев қарызданып қауғалануға менталитет те айтарлықтай әсер ететінін анықтаған.

Есенғали Өскенбаев, СДУ қауымдастырылған профессоры, экономика сарапшысы:
Жалпы несиенің 10-нан бір бөлігі тойға кететіні белгілі болды. Неге несие алады деген сұраққа келетін болсақ той жасауға енді әрине әркім елден қалысқысы келмейді.

Қазақстанда халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру тұжырымдамасы қабылданған. Құжаттағы соңғы дерек бойынша ел азаматтарының қаржылық сауаттылық деңгейі 36 пайыз.

Ғазиз Құлахметов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Әлемдік практикада қаржылық сауаттылық деген балалардың мектепке барған күнінен бастап бар. Бір жерде 1 жыл, бір жерде үшінші кластан, бір жерде 5 кластан балаларға білім беруге дағдыланады. Ақшаның не екенін. Неден жасалғанын. Оның түрлері. Қарыз алу деген не? Қарыз қайтару, процент деген сияқты дүниелер бар.

Халықтың несиесін азайтуға мемлекет те мүдделі. Азаматтардың төлем қабілеті артқан сайын экономиканы ынталандыру және инфляцияны тежеу мүмкіндігі артады. Осы мақсатта 3 жыл бұрын 109 млрд теңге қаржы бөлініп, белгілі санатқа жатқызылған тұрғындардың берешегінің бір бөлігі жабылған. Мемлекет қарызға батқандардың қатарын азайту үшін жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заң жобасын қарастырып жатыр.

Ерұлан Жамаубаев, ҚР Премьер-министрінің орынбасары - Қаржы министрі:
Жеке тұлғалардың банкроттығы рәсімдерінің 3 түрі қолданылатын болады. Бұл соттан тыс банкроттық, сот банкроттығы, және төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімі.

Жеке тұлға өзін банкрот деп жариялауға өтінішті өзі ғана бере алады. Оның 3 жылға дейінгі табысы, атына тіркелген мүліктері, қаржылық операциялары толық зерттеледі. Банкрот деп танылса тағы 3 жыл қадағалауда болады. Бұл алаяқтардың несие төлеуден сытылып кетпеуі үшін жасалып отыр. Сондай-ақ, олар 5 жыл бойы жаңа несие рәсімдей алмайды және Қазақстан шекарасынан шығу құқығынан айырылады. Ең негізгісі несиелердің жабылуына бюджеттен қаржы бөлінбейді. Қарыз қаржы берушінің есебінен кешіріледі. Кейіпкеріміз Баян Қосқұлова осындай заң шығарған кезде биліктегілер қарапайым азаматтардың мүддесін бірінші кезекке қойса деген тілегін жеткізді.

Баян Қосқұлова, көпбалалы ана:
Өйткені олардың айлығы миллион жарым. Ол кісілердің бір айлық зарплатасын біз кредитке алып, 3-4 жыл төлейміз. Тамақты каспий редке аламыз. Ол шындық. Қазір бәрі солай. Жалғыз мен емес. Мысалы балалардың үстіне киіп жүрген киіміне дейін каспий редке аламыз.

Оңғар Алпысбайұлы




Хабарламаларға жазылу