2023 жылы дәрігерлердің жалақысы 30%-ға өседі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

2023 жылы дәрігерлердің жалақысы 30%-ға өседі

24.12.2022

Сенат өңірлердің мүддесін қорғайтын палатаға айналуы тиіс. Маңызды экономикалық және әлеуметтік процестер көбіне жергілікті жерлерде болатыны белгілі. Осылай деген Парламент Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев Алматыға сапары аясында қалалық мәслихат депутаттарымен және сарапшылармен кездесті. Сенат спикерінің сөзінше, өңірлерді кешенді дамытпай, тұтас елдің өркендеуін жаңа деңгейге шығару мүмкін емес. Сондықтан Әділетті Қазақстан құру үшін осы бағытқа басымдық беру қажет. Сонымен қатар Палата Төрағасы осы аптада сенаторлар қабылдаған «Агломерацияларды дамыту туралы» заң өңірлерді жан-жақты дамытуды көздейтінін айтты. Осы заң аясында кешенді жоспар қабылданады. Әсіресе, еліміздегі ең ірі Алматы агломерациясын дамыту үшін Сенат пен мәслихат депутаттары бірлесіп жұмыс істеуі керектігін қаперге алды.

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:

Қабылданған заңдардың аясында мәслихаттарға жаңа құқықтар, құзыреттер берілуде. Бұл үрдіс ары қарай да жалғасатын болады. Сондықтан алдағы уақытта жергілікті өкілді органдардың жұмысы қазіргіден де жандана түседі деп сенеміз.

Сенат Төрағасы Алматы қаласындағы «Алатау» әлеуметтік қызметтер орталығының ұжымымен де кездесті. Мәулен Әшімбаев 2023 жылдан бастап дәрігерлердің жалақысы – 30, орта медициналық қызметкерлердің табысы 20 пайызға өсетінін айтты. Дәрігер мәртебесі заң жүзінде бекітіледі.

Қуан Нұрақын


Хабарламаларға жазылу