Түркістан облысы 7 ауыл көгілдір отынды күтіп отыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістан облысы 7 ауыл көгілдір отынды күтіп отыр

23.12.2022

Құбыр бар да, газ жоқ. Түркістан облысының Төлеби ауданындағы 7 ауылдың халқы ондаған жылдар бойы көгілдір отынға қол жеткізе алмай келеді. Үш жыл бұрын екі ауылдық округтегі елдімекендерге құбыр тартқанда жұрт қуанған. Дегенмен, олар әлі күнге дейін пеш жағып отыр.

Кеңесарық ауылында тұратын Тайыржан Намазбаев биыл жаңадан үй салған. Жылу жүйесін газға лайықтап жасапты. Алайда күзде уәде етілген көгілдір отын тағы берілмеді. Енді қайтадан ескі баспанасында пеш жағып отыр.

Тайыржан Намазбаев, Кеңесарық ауылының тұрғыны:
Енді газ болмағаннан кейін ол үйдің барлығын жылы жауып қоя салдық. Сөйтіп мына екі бөлмелі үйде қайтадан отырмыз пеш соғып алып. Тоннасын 24 мың теңгеден көмір түсіріп алдық.

Кейбір ауылдың тұрғындары көмірдің 1 тоннасын 27 мың теңгеден де сатып алуға мәжбүр. Қатты отынды сатып алу қалтаға едәуір салмақ дейді олар. Қасқасу ауылында газ гұбыры 3 жыл бұрын тартыла бастапты. Мердігер жұмысты аяқтауға асықпайды, дейді тұрғындар.

Несіпбек Өтебеков, Қасқасу ауылының тұрғыны:
Мен мұндай жұмыс көрген емеспін. Әйтеуір үзіліп, екі-үш айда бір жұмысшы келіп, бірдеңесін бұрап кетеді. Ол бұрап кеткені оған дейін үзіліп, сынып, қайтадан цементті әшейін бір кішкентай шұқиды да, тығып кете салады. Тіреуі құлап қалды көбісінің. Көмір алмай күтіп, енді көмір жоқ екен. Қымбаттап кетіпті көмір.
Ерлан Бексейітов, Қасқасу ауылының тұрғыны:
Биылғы жаз айында беріледі деген, берілген жоқ. Кешегі қазанның 15-і күні беріледі деген, ол уәдеде тоқтап берілген жоқ. Әкім де, мына билік басында тұрғандардың барлығы құрғақ уәдемен ауылымызды тойдырды ғой.

Аудандағы жауаптылар болса көгілдір отынға құбыр тарту жұмысы 3 ауылда толық аяқталды деп отыр. Бірақ тиісті құжаттарды рәсімдеу шаруасы мерзімінен екі айға кешігіп жатыр. Ал, қалған төрт елдімекенге газ беру келер жылға қалыпты.

Мақсат Жұмабаев, Төлеби аудандық ТҮКШ бөлімінің басшысы:
145 млн теңге қаржымыз болмағандықтан, мердігер мекеме жұмыстарын тоқтатып қойды. Ақпан, наурыз айларында қаржыны беріп, біз тез арада бітуге жұмыс істейміз. Қоғалыны екі айға кешігіп жатырмыз.

Құбыры дайын ауылдарға газ жақын арада беріледі дейді, жауаптылар. Желідегі кем-кетікті жоюға керек қаражат түскенін айтты. Уәде бойынша 3 елдімекенге газ бір аптаның төңірегінде берілуі тиіс. Қалғандары көгілдір отынға көктемде ғана қол жеткізеді.

Айнұр Ақбаева


Хабарламаларға жазылу