Елімізде ауыл шаруашылығы кооперациясын дамытуға басымдық берілмек - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елімізде ауыл шаруашылығы кооперациясын дамытуға басымдық берілмек

23.12.2022

Келер жылы елімізде ауыл шаруашылығы кооперациясын дамытуға басымдық берілмек. Бұл мақсатқа 1 трлн теңге бөлінеді. Бірақ шаруаларда күмән бар. Өйткені 2006 және 2015 жылдары қабылданған бағдарламалар сәтсіз болды. Ұжымдасқан шаруашылықтар жабылып қалды. Мәселен, Павлодар облысында ашылған 100-ге тарта кооперативтің 1-і ғана қалған. Кооперация тиімді болуы үшін әуелі заңды өзгерту керек - дейді фермерлер.

Павлодар өңіріндегі жалғыз кооператив «Ертіс-Агро» , Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметіне қарағанда республикадағы ең мықты төрт кооперативтің қатарында. Егіншілікпен айналысатын 30-ға тарта шаруашылықты біріктіріп отыр. Президент келер жылдан бастап жеке қосалқы шаруашылықтарды да осындай кооперативтік кәсіпкерлікке тартуды ұсынды. Бұл өте тиімді. Бірақ, ауылшаруашылығы кооперациясы туралы заң ескірген. Қайта қарау қажет деп санайды шаруалар.

Ерлан Тоқтышақов, «Ертіс Агро» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің төрағасы:

Ауылшаруашылығы министрлігі кооперацияны дамытудың негізі себетерін ескермейді. Бастысы шаруаларды мәжбүрлеп кіргізуге болмайды. 2006 жылы 8 млрд теңге қаржы бөлінді. Қайда кеткені белгісіз. 2016 жылы кооперацияны дамытуға бөлінген қаржыдан Павлодар облысы 450 млн. теңге субсидия алды. Оның бар болғаны 86 млн. теңгесі салық ретінде мемлекетке кері қайтарылды. Ал, кооперативтер жабылып қалды.

Кооперативке біріккен шаруа көктемгі егіс, күзгі жиын терімге қажетті қаржы, жанар-жағармай, тұқым іздеу, өндірген өнімді сақтау, тасымалдау, сату сынды машақаттан құтылады. 70 пайыз салықтық жеңілдік, техника сатып алу кезінде 50 пайызға дейін инвестициялық субсидиялау қарастырылған. Несиелік қаржы мал шаруашылығымен айналысатындарға 7 жылға, егіншілік саласындағыларға 5 жыл мерзімге 2,5 пайыздық үстемемен беріледі.

Ерлан Тоқтышақов, «Ертіс Агро» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің төрағасы:

Кооперацияны дамытуға арналған 1 трлн. теңге шаруаларға қалай бөлініп беріледі? Мемлекет үшін оның экономикалық тиімділігі қалай болмақ? Бұндай бағдарламның сәтсіз тәжірибелері болды ғой. Ауыл шаруашылығы министрлігі нені өзгертті? Кіммен ақылдасты? Біз білмейміз. Алдағы жылдары ауылдарда 350 мың жұмыс орнын ашу көзделіп отыр. Кооперативтердің үлесі қандай болмақ? Мемлекет сол үшін қолдап отыр ғой.

Шыныменде ауыл шаруашылығын дамытудың негізі кооперацияда екенін әлемдік тәжірибе дәлелдеп берді. Сондықтан Президент ұсақ шаруашылықтарды біріктіріп, кластерлік бағытта өнім шығаруды, жұмыс тиімділігін арттыру үшін инновациялық технологияларды өндіріске енгізуді ұсынды.

Олжас Тлебалдин, ҚР АШМ Өңірлерде агроөнеркәсіп кешенін дамыту және кооперация басқармасының басшысы:

Ауыл шаруашылығы министрлігі бүгінгі таңда бүкіл кооперация саласындағы мәселелерді қазіргі таңда зерттеп қосымша заңнама шенберіндегі кейбір толықтыратын нәрселерді зерттеп жатыр. Және де ол жақын арада ауылшаруашылығы кооперациясы заңнамасына өзгеріс енгізіледі деп ойлаймыз.

Болат Аманбаев, тілші:

Кооперацияны дамыту азық-түлік бағасын тұрақтандыру тұрғысынан да маңызды. Себебі, елден келген өнім сауда сөрелеріне бірнеше делдал арқылы өтіп, бағасы шарықтап шыға келеді. Міне осының алдын алу үшін облыс орталдығында мына фермерлік базар салынды. Ертең ашылады. Бұл жерден кез-келген шаруа орын алып, өз өнімін сата береді. Ал, кооперативтер үшін ерекше жеңілдіктер қарастырылған.

Болат Аманбаев


Хабарламаларға жазылу