Президент: Қаңтар қасіретінде өмірі қиылған азаматтар біздің жадымызда сақталмақ - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президент: Қаңтар қасіретінде өмірі қиылған азаматтар біздің жадымызда сақталмақ

23.12.2022

Қаңтар қасіреті және сол кезде өмірі қиылған азаматтар біздің жадымызда мәңгі сақталады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алматыда «Тағзым» мемориалының ашылуында осылай деді. Ескерткіш қаралы қаңтар оқиғасының құрбандарына арналған. Президент бұл оқиға бәріміз үшін үлкен сабақ болғанын айтып, еліміздің амандығы мен жеріміздің тұтастығын қорғау перзенттік парызымыз деді.

Шерхан Жамбылұлы, тілші:
Қаракөз егіліп, қанат сөгіле жаздаған қаралы қаңтардан бері бір жылға жуық уақыт өтті. Сол елең-алаң шақта Алматыдағы дәл осы орталық алаң жұртты дүр сілкіндірген дүрбелеңнің ошағына айналған еді. Ресми дерек бойынша бұл оқиға кезінде 200-ден астам адам көз жұмды. Біреу арқа сүйер азаматынан, біреу бауыр еті баласынан айырылып, көптеген отбасы қара жамылды. Ел тарихындағы сын сәті - халық жадында. Енді сол оқиғаға байланысты қаланың дәл ортасынан «Тағзым мемориалы» бой көтерді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Қираған дүниені қалпына келтіруге болады. Бірақ, үзілген өмір қайта жалғанбайды. Мұндай оқиға ешқашан қайталанбауы үшін біз қолдан келгеннің бәрін жасаймыз. Еліміздің амандығын, жеріміздің бүтіндігін қорғау – бәріміздің перзенттік парызымыз. Тұрақтылық пен татулық болса ғана, осы міндетті ойдағыдай орындай аламыз.

Кешен үш бөліктен тұрады. Сұр тұғырлар қазақ елінің сан ғасырлық қилы кезеңін бейнелейді. Қара тастар қаңтар қасіретінің көрінісі. Ал ақ дегеніміз, халықтың болашаққа деген үміті. Мемориалға ежелгі Күлтегіннен бүгінге дейінгі жыраулар мен жазушылардың, ғұламалардың өсиет іспетті сөздері қашалып жазылған.

Бекнұр Қисықов, Монументтік өнер құрылыстарын орнату жөніндегі республикалық комиссияның мүшесі:
Тәуелсіз болу үшін біздің елде қанша көтеріліс болды, қанша әрекет болды, қанша құрбандық болды. Тек біз желтоқсан құрбандықты айтпаймыз, қаңтар құрбандықты айтпаймыз, алдында қанша құрбандық болды. Сондықтан сол ақ, қара сол сұрлардың бәрін айтқанымыз. Біздің замандар, дәуірлер қандай болған.
Абзал Құспан, «Аманат» комиссиясының төрағасы:
Қоғамның үнін осы ағайындарынан, туыстарынан айырылып қалған азаматтардың үнін естіді деп есептеймін. Сол себепті бұл тарихи кешен болып қана қалса екен. Тарихымызда ғана қалса екен. Бұндай қанды қаңтар қайталанбаса екен деген ғана тілегім бар.

Қайғы мен қасірет, ұлт үшін күрес, келешекке деген сенім. Мемориалға осындай мазмұн берілген. Президенттің сөзінше бұл нысан қаңтар оқиғасында жазықсыз жапа шеккендер алдында қарыздар екенімізді үнсіз еске салып тұрады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Сөз жоқ, қаңтар қасіреті халқымыздың жүрегіне өшпес жара салды. Бұл күндер ел тарихындағы үлкен сынақ ретінде халқымыздың жадында сақталады. Мен сол үшін арнайы ескерткіш орнатуды тапсырдым. Біз бұл кешенді қаңтарда қаза болған отандастарымыздың рухына тағзым ретінде тұрғыздық. Сондай-ақ, оны кейінгі ұрпаққа тағылым болсын деп орнаттық. Мен осы мемориалдың бой көтеруіне атсалысқан сәулетшілерге ризашылық білдіремін.

Қаңтарда әуелде бейбіт басталған жиындардың соңы арандатуға, жаппай тәртіпсіздікке ұласты. Қанша адамның өмірі қиылды, өртенген ғимарат, тоналған дүниеде есеп жоқ. Қаңтарда сондайға ұрынған кәсіпкердің бірі Диана Айдархан.

Тұрмыстық техника мен гаджеттер сататын онлайн дүкеннен қаңтар аласапыранында 5 млн теңгенің заты тоналыпты. Мемлекет кейін шығынын өтеп берген. Ал қарақшы қалдырған қолдың ізі әлі өшпеген. Ол күндер әлі күнге санадан кеткен жоқ дейді кәсіпкер.

Диана Айдархан, кәсіпкер:
5-ші қаңтар деген кезде ең басында қорқыныш, сол келеді. Себебі біз жиеніміз екеуіміз және бір жұмыстасымыз осы жерде отырдық. 10 минут кешіксек, кеш шықсақ сол кісілермен бетпе-бет шығатын едік. Кездескен кезде не болары белгісіз. Өз өмірімізге қорқатынбыз сол кезде. Травма болды, трагедия болды.

Қаңтар оқиғасы кезінде дүрмекке ілесіп кеткен азаматтар бары ескеріліп, Президент қараша айында рақымшылық туралы заңға қол қойды. Оған сәйкес мың жарымға жуық адам қылмыстық жауапкершіліктен босайды, енді басқаларына жаза мерзімі қысқарады. Бірақ, бұл жеңілдіктің қаралы қаңтарда ойран салып, қанды қырғын жасағандарға қатысы жоқ. Олар заң алдында қатаң жазаға тартылады деді, Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Бабаларымыз «Бақ бағалай білгеннің басына қонады» деп бекер айтпаған. Шын мәнінде, қаңтар оқиғасы бәріміз үшін – үлкен сабақ. Біз құт-берекенің бастауы тұрақтылық екенін жан жүрегімізбен сезіндік. Ел тыныштығын сақтай білмесек, дүние әп-сәтте астаң-кестең болатынын көрдік. Тәуелсіздігіміз бен мемлекеттігімізді күн сайын қорғауымыз қажет екенін ұғындық.
Сәт Тоқпақбаев, Мемлекет және қоғам қайраткері:
Cүйікті отанымыз көркемдей берсін. Ол көркемдей береді, егер біз барлығымыз бір ауыздан, бір жерден болсақ, бір қолдан жең шығарып, бірге жұмыс жасасақ, сонда біздің отанымыздың болашағы одан да зор болады.
Бағдат Анарбаева, волонтер:
Тәуелсіздігімізді тыныш аспанды, бейбіт өмірімізді ерекше түсіндік деп ойлаймын қаңтар оқиғасы болған кезде. Бұл біз үшін ерекше жер болуы керек. Қаза тапқан жандарымызға естелік ретінде, осы жерге келген кезінде сол кісілерді еске алып, сол кісілерге дұға жасап келетін жерлердің бірі деп ойлаймын. Сонымен қатар екінші жағынан осы қаңтар оқиғасы болған жағдайды бізге еске салып тұратын жер болуы керек деп ойлаймын.
Шерхан Жамбылұлы, тілші:
Ынтымақ пен бірлік болмаса, басқа жетістіктің бәрі бекер. «Жау жоқ деме, жар астында» деген сөздің мәнін де жете түсіндік деді, Мемлекет басшысы. Сұрлы әрі қара кезең артта. Алдымызда ақ жол деген үміт басым. Бостандыққа апаратын жалғыз жол – ұлттық ынтымақ қана.

Шерхан Жамбылұлы


Хабарламаларға жазылу