Жаңа жылдан бастап елімізде дәрігерлердің жалақысы 30 пайызға көбейеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жаңа жылдан бастап елімізде дәрігерлердің жалақысы 30 пайызға көбейеді

23.12.2022

Жаңа жылдан бастап елімізде дәрігерлердің жалақасы 30 пайызға, ал мұғалімдер еңбекақысы 25 пайызға көбейеді. Мемлекеттің мұндай қолдауы олардың еңбекке деген ынтасын арттырып, табысын молайтпақ.

Ақбота еңбек жолын енді бастаған жас маман. Жалпы тәжірибелі дәрігер ретінде оған жүктелетін жұмыс өте көп. Өзіне бекітілген аумақтағы үйлерді аралап, санитарлық ағарту ісін жүргізеді. Скринингтік тексеру жасайды.

Ақбота Өзтемірова, дәрігер:

Медицина қызметкерлерінің атқаратын жұмыстары өте ауқымды, тұрғындарға қолжетімді сапалы қызмет көрсету үшін жалақымызды өсіріп отырғанына қуаныштымын.

Жаңа жылдан бастап Шымкентте Ақбота секілді 15 мыңнан астам медицина қызметкерінің табысы артқалы отыр. Одан бөлек олардың біліктілігі мен тәжірибелерін арттыруға айырықша көңіл бөлінбек. Медицина қызметін жақсарту үшін жаңадан 6 емхана салынады.

Нұрлыбек Асылбеков, қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

Қазіргі уақытта дәрігерлеріміз 368 мың орташа жалақы алып жатса, ол енді 30 пайызға көбейеді. Ал орта буын 214 мың алып жатса, ол 20 пайызға көбейеді.

Білім беру саласында да келер жылы оңды өзгерістер болғалы тұр. Ұстаздардың жалақысы 25 пайызға көбейеді. Шымкент қаласында үш ауысымды мектеп проблемасын түбегейлі шешіледі. Ол үшін мегаполисте үш жылдың ішінде 101 мектеп салу жоспарланып отыр.

Ғани Қалмаханов, тілші:

Демографиялық өсімге байланысты Шымкентте оқушы саны жыл сайын 7-8 мыңға көбейеді. Мектеп тапшылығын болдырмау үшін биыл мегаполисте жаңадан 41 білім ұясы салынды. Оның 37-і кәсіпкерлер қаржысына тұрғызылған.

Қазір мегаполисте 250 мыңдай бала мектепте білім алады. Келер жылы жекеменшік әріптестік жобасы аясында Шымкентте тағы 50-ден астам мектеп бой түземек.

Жанат Тәжиева, қалалық білім басқармасының басшысы:

Бүгінгі таңда апатты мектептер мәселесі толығымен шешілді. Үш ауысымды мектептер саны 4. Шымкентте салынып жатқан 101 мектеп, 25 жайлы мектептің арқасында мектептердің 32 пайызы бір ауысымды білім беретін ұйымға айналады.

Жаңа жылдан Президент тапсырған «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы жүзеге асады. Оның аясында Шымкентте 25 білім ұясы салынады. Олардың әрқайсысы 2 жарым мың оқушыға лайықталған.

Ғани Қалмаханов

Хабарламаларға жазылу