Абай облысында жаңа шипажай ашылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Абай облысында жаңа шипажай ашылды

22.12.2022

Абай облысындағы Шүлбі кентінде жаңа шипажай ашылды. 65 орынға арналған сауықтыру орталығы мүмкіндігі шектеулі жандарға, қарттар мен ардагерлерге қызмет көрсетпек.

Әлеуметтік мекеме негізінен оңалтумен шұғылдануды көздеп отыр. Өйткені өңірде 28 мыңнан астам мүгедектігі бар адам тұрады. Алайда оларға талапқа сай ем жүргізетін орын жоқтың қасы. Жаңа нысанда жақын арада тұзды сумен, батпақпен емдеу бөлмелері де ашылмақ.

Жоба мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында жүзеге асты. Яғни, нысанды іске қосқан кәсіпкер өз тарапынан ғимартты қолданысқа беріп, мамандармен қамтуға жауапты. Ал мемлекет келушілерге тегін емделу үшін қаржы бөледі.

Бекжан Нұрдыбаев, кәсіпкер:

Абай облысында шипажай аздау. Сондықтан «Шүлбі» шипажайын аштық. Зейнеткерлер, инсульт, инфаркт алғандар ем алады. Әзірше 40 адамға жұмыс орны ашылды. Мемлекетіміз қолдаса, дамыта береміз.

Айнұр Сұлтанова, Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысы:

Мүгедектігі бар жандарға ем көрсетсе, оны бюджет толықтай өз тарапынан төлеп бере алады. Бұған тек қана Абай облысы ғана емес, бүкіл Қазақстандағы мүгедектігі бар жандар келіп ем ала алады. Егер осы шипажайды таңдап алатын болса.

Ержан Жақып

Хабарламаларға жазылу