Алматыда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру үшін биыл жергілікті бюджеттен қосымша 4 млрд теңге бөлінді. Бұл кәсіпкерлерге жеңілдетілген қарыз беру арқылы жүзеге асқан. «Алматы» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының мамандары бұл алып-сатарларға жол бермей, ең қажетті деген 19 түрлі тауар бағасының көтерілуіне жол бермейді дейді.
Бұл кәсіпорын тәулігіне 18 тоннаға дейін өнім өндіреді. Алматы қаласы мен мегаполиске жақын өңірлерді нанмен қамтамасыз етеді. Кәсіпорында 150 адам жұмыс істейді. Жақында төмендетілген бағамен бөлке нан шығаруға жергілікті бюджеттен жеңілдетілген қарыз берілді .
Динара Бектазинова, «Рузи НАН» Астана» ЖШС Бас технологы:
СПК арқылы біз 0,01% жылдық пайызбен қаржы бөлінді. Әлеуметтік нанды 90 теңгемен нарыққа жіберіп жатырмыз. Жылына 3 млн нан өндіруіміз керек. Тәулігіне сонда 8 мың дана нан болып тұр ғой.
Қаржыландыру есебінен ірі сауда орындарында ең қажетті деген көкөніс түрлері төменгі бағамен сатылып жатыр. Қазіргі таңда әлеуметтік маңызы бар көкөністер - картоп, сәбіз, пияз және орамжапырақтың 20 мың тоннаға жуық көлемінде төмендетілген бағамен сату бойынша келісім-шарт жасалған.
Абзал Аққошқаров, «Алматы» ӘКК департаментінің бас менеджері:
Әлеуметтік маңызы бар тауарлар нарықтағы бағадан 9-дан 29 пайызға дейін арзан.Мәселен, дүкен сөрелерінде 1 санаттағы жұмыртқаның бір данасы 44 теңгеден сатылып жатыр.
Жыл аяғына дейін бұған қосымша тағы 13түрлі әлеуметтік маңызы бар тауардың бағасын тұрақтандыру үшін бірнеше сауда желісіне жеңілдетілген қарыз беру жоспарланып отыр.
Қуан Нұрақын