Мәскеуде Қазақстандағы қаңтар оқиғасы туралы кітап жарық көрді. Белгілі ресейлік журналист, халықаралық шолушы Леонид Млечин 333 беттен тұратын кітапта қаңтарда болған оқиғаларды рет-ретімен тізбектеп, жан-жақты баяндаған. Сонымен қатар, автор қарапайым адамдардан сұхбат алып, эксклюзивті материалдар мен фактілерді алға тартады. Сындарлы сәтте Қазақстан билігінің дағдарысты еңсеріп, бетпе-бет келген қиындықтан мойымай өткенін жазады. Қасым-Жомарт Тоқаевтың уақтылы қабылдаған шешімінің арқасында елде бейбітшіліктің іргесі шайқалмағанына баса назар аударған. Қазақстанның тұрақтылығына қауіп төндірген оқиғаға жаһан жұртының да ерекше назар аударғаны баяндалады. Мәскеуде бүгін оқырмандарға ұсынылған кітап алдағы уақытта Қазақстанда таныстырылмақ.
Леонид Млечин, кітап авторы, журналист:
Әрине, қаңтар оқиғасы елді елең еткізді, тұрғындардың қандай күй кешкенін сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Өзім Қазақстанға барып, адамдармен тілдестім. Қаңтар оқиғасы кезінде Қазақстанның тағдыры бір ғана адамның қолында болды. Қасым-Жомарт Тоқаев елді қиындықтан алып шықты. Мемлекеттің өркендеуі, гүлденуі үшін жаңа қадам жасады. Қазақстан Орталық Азия мемлекеттерінің ішінде әрқашан тұрақтылық пен бірлік мекені болып саналатын. Түрлі болжамдар болғанымен, Қазақстан бейбітшілік жолын таңдады.
Индира Бегайдар