Әлемдік медианың белді өкілдері бүгін Астанада бас қосып жатыр. Елордада бірінші Орталық Азия форумы басталды. Ауқымды жиын алғаш рет өткізіліп отыр. Іс-шараға қатысушылар арасында әлемге танымал адамдар да бар.
Толығырақ форумға қатысып жатқан әріптесім Шерхан Жамбылұлынан білейік.
– Шерхан, бұл шараның ерекшелігі неде?
Шерхан Жамбылұлы, тілші:
Армысыздар, қадірлі көрермен! Иә, Дархан, ұйымдастырушылардың сөзінше, бұл бірегей алаң болмақ. Форум аясында сарапшылар өңірдегі осы саланы дамытудың өзекті мәселелерін талқылап, Орталық Азияда ортақ медиа кеңістік құру идеясын сараптайды, талқылайды. Дәл қазір, міне, шараның ашылу салтанаты өтіп жатыр. Бүгін форумда 8 бірдей шара өтпек. Тақырыптары сан алуан. «Бейбітшілік этикасы», «Балаларға арналған телевизиялық контент, Фейк және ақпараттық қауіпсіздік сынды БАҚ саласындағы өзекті мәселелермен қатар Орталық Азия үшін маңызды әрі ортақ мәдени бірегейлік, ортақ ақпараттық медиа платформа құру перспективалары да талқыға түспек.
– Шерхан, форум қонақтары кім? Олар қандай маңызды, қызықты дүние ұсынбақ?
Шерхан Жамбылұлы, тілші:
Иә, Дархан форумға аты әлемге мәшһүр, айтары бар танымал тұлғалар қатысып жатыр. Жалпы саны 100-ден аса спикер сөз сөйлейді. Мәселен, әйгілі америкалық New York Times-тың 4 мәрте бестселлер иегері, бүркітші қызымыз Айшолпан жайлы «Eagle Huntress» кітабының авторы Лиз Уелш келді. Пулитцер сыйлығының иегері Лю Хен Шинг бар. Сонымен қатар Түркияның 11-Президенті Абдолла Гүл, Монғолияның үшінші Президенті Намбарын Енхбаяр да өз ойларын ортаға салады. Голливуд актері, әйгілі боксшы Рой Джонс, YouTube желісінде 18 миллиард қаралым жиған дүние жүзіндегі балаларға арналған ең танымал dBillions жобасының авторы Ернис Уметалиев те өз тәжірибесімен бөліспек. Сонымен қатар деарс үшін жағымды жаңалық. Бұл алаңда бүгін белгілі әнші Димаш Құдайберген де сөз сөлейді. Ол «Халықаралық бейбітшілік күні» жобасының авторы Джереми Гиллимен бірге бейбітшілік идеясы бойынша арнайы сессия өткізеді.
Шерхан Жамбылұлы