Елімізде интернет сапасы нашар. Мұны Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі мойындады. Бағдат Мусин бүгін Мәжілісте байланыс мәселелері жөнінде баяндама жасаған болатын. Министрдің айтуынша, қазір елдегі 6400-ден астам ауылдың 74 пайызында ғана жоғары жылдамдықты ғаламтор бар. Қалғаны «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы аясында 2027 жылға дейін 100 пайыз қамтылмақ. Ауқымды бағдарлама қазір әзірленіп жатыр. Оған сай келесі жылы Астана, Алматы, Шымкент қалаларында 5G іске қосылады. Өзге қалаларда алдағы 5 жылда пайда болмақ. «Ал интернет сапасының төмендігіне сұраныстың артуы себеп», - дейді Мусин.
Бағдат Мусин, ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі:
Пандемия кезінен бастап бұл көрсеткіш 800 петабайтқа жетті. Халықаралық телекоммуникацияда ITY деген мекеме бар. Оның мәліметінше, былтыр әлем бойынша интернетті пайдаланатын адамдар саны 4,9 млрд-тан асты. Дәл осы уақытта елімізде интернет пайдаланушылар саны 90,9% болды. Интернет қолданушылардың саны ғана емес, олардың интернет пайдаланатын уақыта да өсті. Бұл факторлар байланыс инфрақұрылымына салмақ түсіріп отыр.
Әрі салаға салынатын инвестиция көлемі күрт төмендеген. «Сондықтан байланысты жақсарту үшін операторларды инвестиция құюға итермелеп жатырмыз», - дейді министр. Мәселен, биыл сапасыз интернет үшін айыппұл көлемі 10 есе, яғни 300 мыңнан 3 миллионға дейін шарықтаған. Сондықтан жыл басынан бері операторларға салынған айыппұл 6 еседей артып, 1 миллиард 200 миллион теңгеден асып кеткен. Сондай-ақ Мусин телефон алаяқтарымен күрес күшейтілгенін жеткізді. Айтуынша, қулығына құрық бойламайтын осындай қаскөйлердің бірі туыстарының атына несие рәсімдеген. «Енді ешкім жапа шекпес үшін операторлар да алаяқтарды анықтап, бірден бұғаттай бастады», - дейді министр.
Досжан Маратұлы