Қазақ жауынгерінің мәйіті 80 жылдан кейін табылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақ жауынгерінің мәйіті 80 жылдан кейін табылды

15.12.2022

Соғысқа аттанып із-түссіз жоғалып кеткен қазақ жауынгерінің мәйіті 80 жылдан кейін табылды. Ленинград шайқасында қаза тапқан Дәдікбай Құлтасовтың сүйегі Қызылорда облысы, Сырдария ауданына жеткізіліп, туған жерінде арулап жерленді.

Қорқыт ата әуежайына жиналған әскерилер, майдангердің ағайын-туыс жақындары Қарулы күштердің әскери ұшағын ерекше толқыныспен күтіп алды. 1941 жылы алғашқылардың бірі болып соғысқа аттанып, ұрыс даласында шейіт болған Дәдікбай Құлтасовтың мәйітін атамекенге әкеліп жер қойнына тапсыру, ұрпағына жүктелген соңғы парыз еді.

Жәнібек Нұрқышұлы, Облыстық ардагерлер кеңесінің мүшесі:
Бұл кісілердің Отан қорғауда еңбегі өте зор. Міне, солардың арқасында осындай бақытты өмір сүріп жатырмыз. Бүгінгі күні соның мүрдесі табылып елге оралып жатыр. Біз оған өте қуаныштымыз.

Дәдікбай Құлтасов 1904 жылы Сырдария ауданында туған. Ол Ленинград майданындағы 136-шы атқыштар дивизиясында болып, 1942 жылдың қыркүйек айындағы шайқастың бірінде хабар-ошарсыз кеткен. Содан бері 80 жылдай уақыт өтсе де, артында қалған ұрпағы іздеу жұмыстарын тоқтатқан емес. Жан-жаққа сұрау салып, үміт үзбеді. Биыл Ленинград облысындағы «Суворов» еріктілер жасағы сұрапыл соғыс болған аумақтан қазақ жауынгерінің сүйегін тапқан. Ал оның Дәдікбай Құлтасов екеніне құжат деректері арқылы көз жеткіздік дейді туыстары.

Марат Дәдікбай Д.Құлтасовтың ұрпағы:
Біздің атамыз екенін білдік. Өйткені, біз 30 жылдан бері іздеп жүргеннен кейін ол кісінің аты-жөні фамилиясын білетін. Сондықтан міне, ең соңғы нүктесі Сырдария аудандық орталығында қойылып отыр. Енді атамызды сол майдан даласына аттанған өзінің ауылына апарып жер қойнына тапсыратын боламыз.

Аудан орталығында ерін ұлықтаған ел жауынгердің рухына тағзым етті. Келешекте отан үшін от кешкен сарбаздың есімі ардақталып, өскелең ұрпаққа ерлігі дәріптеле бермек.

Әділбек Серікұлы

Хабарламаларға жазылу