Павлодарда бизнесті дамытуға арналған қайтарымсыз гранттар негізсіз үлестірілген - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Павлодарда бизнесті дамытуға арналған қайтарымсыз гранттар негізсіз үлестірілген

13.12.2022

Павлодарда бизнесті дамытуға арналған қайтарымсыз гранттар негізсіз үлестірілген. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті 5 жобаға бөлінген 17 млн 500 мың теңгенің желге ұшқанын анықтады. Комиссия мүшелерінің бірі өз туысын жеңімпаздардың қатарына қосып жіберіп, әлеуметтік маңызды жобаларды қабылдамай қойған. Жұпар Елеуғожина медицина саласында инновациялық жоба әзірлеген едім, бірақ комиссия қарамастан ысыра салды - дейді. Сондықтан жобалары грантқа өтпей қалған үміткерлермен бірігіп кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасын сотқа берді.

Жұпар Елеуғожина, конкурсқа қатысушы:
Жобаны қорғау зум бойынша болды. Қара экрандар болды. Кім оны көріп отыр менің қалай қорғағанымды, қандай адамдар қатысып отыр ондай нәрсе болған жоқ. Шындығын айтсам, өтірік конкурс болды. Қазылар комиссиясы отырады да өзінің туысына грантты бөліп береді.
Дархан Ермағамбетов, Кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының бөлім басшысы:
Жобаларды бағалау олардың берген құжаттарына байланысты бағаланады. Осы презентация бұл жалпы өзін көрсету, өз жобасын ауызша айту деген сөз. Ал, негізгі шешім осы құжаттардың негізінде қабылданады.

Биыл бизнесті дамытуға арналған гранттар беру үшін бюджеттен 89 млн теңге қаржы бөлінді. 500-ден аса үміткердің арасынан 21-і таңдап алынған. Сыбалас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті конкурстық талаптардың өрескел бұзылуына жол берген басқарманың әрекетіне заңдық тұрғыдан баға беру үшін салалық министрлікке ұсыныс жолдады.

Болат Аманбаев

Хабарламаларға жазылу