Украина Ресей аумағындағы әскери базаларға дрондармен соққы берді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Украина Ресей аумағындағы әскери базаларға дрондармен соққы берді

11.12.2022

Ал Украина Ресей аумағындағы әскери базаларға дрондармен соққы берді. Америка Құрама Штаттары болса, Киевтің көрші ел территориясын атқылауына енді қарсылық білдірмейтінін алғаш рет аңғартып отыр. Оны Ресейдің зымырандық шабуылдарынан Украинада азаматтық инфрақұрылым қирап, миллиондаған адамның қыста жарықсыз, сусыз, жылусыз қалу қаупі төнгенімен түсіндіріп отыр. Ал Ресей армиясы қазір Донбастағы шағын ғана қала – Бахмутты алуға әрекеттеніп жатыр. Бұл уақытта Владимир Зеленскийді батыстың бір емес, екі айтулы басылымы «Жыл адамы» деп атады. Тақырыпты Арыстан Рысбек жалғастырады.

Өткен тәулікте Украина армиясы Запорожье облысының Ресей әскері басып алған Мелитополь қаласына жойқын соққы берді. Қала мэрінің дерегінше, ресейлік 200-300 жауынгер мерт болған. Алайда, Мәскеу тағайындаған оккупациялық әкімшілік екі адамның ғана қаза тапқанын хабарлады.

Украина президентінің кеңесшісі Алексей Арестовичтің мәлімдеуінше, Ресей Мелитопольден айрылса, Херсон облысында оның барлық майдан шебі күйреп, Украина әскері үшін Қырымға жол ашылады. Cонымен қатар, желтоқсанның 10-да Ресей қарулы күштері Одесса облысында екі электр станциясын ирандық дрондармен қиратып, 1 жарым миллион адамды жарықсыз қалдырған.

Владимир Зеленский, Украина президенті:

Бүгінгі күннің негізгі проблемасы - энергетика. Одесса облысындағы жағдай өте қиын. Ирандық дрондардың түңгі соққысынан Одесса мен осы аймақтың басқа қалаларын, ауылдарын қаратүнек жайлап отыр.

Соңғы күндері Ресейдің Саратов, Рязань облыстары мен Курск қаласындағы бомбалаушы ұшақтар орналасқан алаңдары дрондардың шабуылына ұшырады. Киев ресми түрде мойындамаса да, бұл соққыларды Украина әскері жасады деген болжам бар.

Осылайша, Украина қазаннан бері өзінің энергетикалық инфрақұрылымын қиратып жатқан Ресей авиабазаларын 400-500 шақырым қашықтықтан жоятын мүмкіндікке ие болғандай. Ал, Британияның «Тайм» газеті хабарлағандай, Вашингтон енді Киев күштерінің Ресей территориясын атқылауына қарсылық білдірмек емес.

Тағы бір айта кететін жайт, Батыс елдерінің мәлімдеуінше, қазір Мәскеу мен Тегеран арасында әскери ынтымақтастық күшейіп келеді.

Барбара Вудвард, Ұлыбританияның БҰҰ-дағы елшісі:

Тамыз айынан бері Тегеран Мәскеуге жүздеген ұшқышсыз аппарат жеткізіп, халықаралық заңды бұзды. Ресей сол дрондарды бейбіт тұрғындарды өлтіруге, азаматтық инфрақұрылымды нысанаға алуға, үйлерді, электр станцияларын, мектептерді қиратуға пайдаланды. Енді Ресей Ираннан жүздеген баллистикалық зымыранмен бірге өзге де қару-жарақ алуға тырысып жатыр. Және де Ресей осының бәрінің қайтарымы ретінде Иранға бұрын-соңды болмаған әскери-техникалық қолдау ұсынып отыр.

Дегенмен, Ресейдің Біріккен Ұлттар Ұйымындағы тұрақты өкілі Василий Небензияның сөзінше, оның елінің әскери өнеркәсіптік кешені өзгенің көмегіне мұқтаж емес.

Ал, Тегеран Мәскеуге дрондарды Украинадағы қарулы қақтығысқа дейін сатқанын мойындап отыр. Бірақ, Ресей армиясы бұл ұшқышсыз аппараттарды шабуылға қолданды деген ақпаратты үнемі жоққа шығарып келеді.

Украинаның шығысындағы ахуалға келсек, өткен айда Херсоннан ығыстырылған ресейліктер қазір Донецк облысындағы Бахмут қаласын алуға күш салып жатыр. Олардың содан кейінгі мақсаттары – Краматорск, Славянск қалаларын жаулау. Алайда, кейбір сарапшылар Бахмуттың стратегиялық маңызына күмән келтіріп отырса, өзге бір болжамдарға қарағанда, жаздан бері қайта-қайта жеңіліске ұшыраған Ресей армиясы Бахмутты алып, азғантай болса да жеңіс жариялаудан үмітті.

Денис Христов, ерікті:

Сәлем, достар. Бүгін желтоқсанның 8-і. Сұмдық көктайғаққа қарамастан, мен Бахмутқа жеттім. Қазір көшелерде ұрыс жүріп жатыр. Қала өрт құшағында. Жарылыс та жарылыс. Бірақ, Бахмут әлі Украина қарулы күштерінің бақылауында.

Осы аптада Американың «Тайм» журналы Зеленский мен Украинаның рухын «Жыл адамы» деп атады. Өйткені, басылым тілшілерінің пікірінше, 44 жастағы лидер Ауғанстан президенті Ашраф Ғани тәрізді елін тастап кетпей, қорқыныш сияқты ерліктің де жұғысты болатынын дәлелдеді. Бұған қоса, Зеленский әлем халықтары мен мемлекеттерін бостандықты қорғауға шабыттандырып, демократия мен бейбітшіліктің қаншалықты нәзік екенін дүние жұртының есіне сала білген. Осының алдында Украина президентін Британияның «Файниэншл таймс» газеті де «Жыл адамы» деп жариялап, оны халқының батырлығы мен беріктігінің символы деп сипаттаған еді.

Арыстан Рысбек

Хабарламаларға жазылу