Абай қаласының жылу жүйелері тозып тұр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Абай қаласының жылу жүйелері тозып тұр

09.12.2022

Абай қаласының жылу жүйесін жаппай жаңғырту қажет дейді мамандар. Жылда мардымсыз істелетін жөндеу жұмыстары жыртыққа жамау бола алмайды. Ал кешенді жөндеуге жүргізуге не кедергі?

Тозған желі, тоңған тұрғындар. Қарағанды облысындағы Абай қаласының жылу электр орталығы әбден ескірген. Жұрттың айтуынша, аязды күндері үйдегі температура 15-16 градустан аспайды. Сондықтан көбі электр жылытқыш қосуға мәжбүр. Ал осы салаға жауаптылардың өз уәжі бар.

Людмила Мартыненконың отбасы соңғы күндері 3 бөлмелі пәтердің бір бөлмесінде ғана тұрып жатыр. Оның өзін электр пешпен жылытып отыр. Ай соңында коммуналдық төлем көп шығатынын біле тұра, осылай істеуге мәжбүр. Себебі үйдің іші суық.

Людмила Мартыненко, Абай қаласының тұрғыны:

Түнде 15-ақ градус болады. Барлық бөлмеге электр жылытқыштарды қосып қоямыз. Олар түнімен тоқ айналдырады. Оның өзінде дұрыс жылытпай қалың киініп аламыз. Тиісті мекемелерге шағымымызды айттық. Әзірге мәселе шешілген жоқ.

Абай қаласында 30 мыңдай адам тұрады. Орталық жылуға 252 көпқабатты және 1 мыңнан астам жеке үй қосылған. Тұрғындардан шағым көбейген соң жергілікті әкімдік комиссия құрып, әр үйді тексере бастаған. Алайда, аязды күндері Абай тұрғындары неге тоңа бастайтынын баяғыдан біледі.

Медеу Ахметов, Абай қаласының әкімі:

Пәтерлердің суып кету себебі біздің Абай қаласы Топар кентінен жылуды қабылдаймыз. Аяз бен қатты желдің салдарынан бізге келетін жылу 20 градустай жоғалтады.

Топар кентіндегі жылу энергия станциясы мен қаланың арасы - 20 шақырым. Жылу құбырындағы ыстық судың температурасы Абайға жеткенше 95-тен 70-75 градусқа дейін төмендейді. Одан ары үйлерге барғанша тағы суып қалады. Пәтердің салқын болуына жертөледе жөндеу жұмысы жүргізілмегені де әсер етеді. Бірақ, жылуға жауапты мекемеден арнайы жобаны алып, осы шаруаны ертерек тындырғандар аз.

Жақия Ыдырысов, «Абайлық жылу жүйелері» ЖШС директоры:

Осы қырық пайыз ғана алды бізден. Басқа үйлерді безсхозный деуге болады. Тіпті КСК,ОСИ да жоқ осы уақытқа дейін. Өздері айтады подвалдан ананы-мынаны айырбастадық деп, ол енді жобамен жасалуы керек. Оны халық ойлай бермейді. Труба жаңарттық бітті деп, кейбірі осындай претензия қояды.

Топар кентіндегі жылу торабы 1986-шы жылы пайдалануға берілген. Нысанды толықтай жаңарту үшін кемінде 20 млрд.теңге қаражат қажет.

Руслан Нұрланұлы, тілші:

Ескірген құбырлар мен станцияларды жөндеуге қажетті қаржаттың биыл республикалық бюджеттен 10-нан бір бөлігі, яғни 2 млрд теңгесі сұралған. Алайда ол қаржы да бөлінбеген. Амалсыздан жергілікті бюджет есебінен 40 млн.теңге қарастырылып, теңізге тамған тамшыдай ғана жұмыстар істелген. Мамандар стратегиялық нысандарды жаңартуға көңіл бөлінбесе, жағдай тіпті нашарлайтынын айтып дабыл қағуда.

Руслан Нұрланұлы

Хабарламаларға жазылу