Жамбылда жылусыз қалған бес ауылдың жылыту жүйесі толық қосылмады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жамбылда жылусыз қалған бес ауылдың жылыту жүйесі толық қосылмады

13.12.2023

Жамбылда жылусыз қалған бес ауылдың жылыту жүйесі толық қосылмады. Әзірге төрт ауылға ғана жылу біртіндеп беріле бастады. Мамандар қысымға шыдамай жарылған газ құбырын дәнекерлеу жұмысы толық аяқталғанын айтты.

Ал бүрсеңдеп отырған тұрғындар қысқа қамданбаудың салдары апатқа алып келді дейді. Еске салайық, кеше түнгі сағат ондар шамасында Жамбыл аудандағы 5 ауыл жылусыз қалды. 24 метрге созылған магистралді газ құбыры он жерден жарылған. Салдарынан сарышұнақ аяз күшіне мінісімен, 980 үй көгілдір отыннан қағылды. Олардың қатарында Қызылқайнар, Жасөркен, Жалпақтөбе, Қызылдихан ауылдары бар. Ал Тараз қаласының темір жол аумағындағы 700-ге жуық үй де, жылусыз қалған болатын. Қазір онда 128 үйге әлі де жылу берілмеген. Жауаптылар жөндеу жұмыстары түнгі уақытқа дейін жалғасады дейді.

Айша Малахасанова, Гродеково ауылының тұрғыны: 

Үйдің іші тастай. Қабырғалар мұз құрсанып тұр. Газ жоқ. Дірдектеп отырғанымыз екі тәулік болатын болды. Үстімізге көрпе жамылып, амалдап отырмыз.

Қанатбек Мәдібек, облыс әкімінің орынбасары:

Апатты қалпына келтіру жұмыстары жалғасуда. Егер кімнің үйлерінің ішінде жылу жүйелері қатып қалған болса, біз оларға жеке-жеке үйлеріне кіріп, көмектесетін боламыз.


Данияр Әлімқұл

Хабарламаларға жазылу