Әділет органдары сандық жүйеге көшіп жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Әділет органдары сандық жүйеге көшіп жатыр

08.12.2022

Елімізде келер жылдан бастап жеке сот орындаушылардың жұмысына талап күшейеді. Мәселен, олар азаматтардың жеке есеп-шотын бұғаттаудан жылдам шығаруға міндеттеледі. Бұл туралы Қызылорда облысына жұмыс сапарымен барған Әділет министрінің орынбасары айтты.

Биыл Конституцияға өзгерістер енгізіліп, жаңа заң нормалары шықты. Соның ішінде, Әділет органдарына қатысты көптеген жаңашылдық бар. Соңғы жылдары қоғамда жеке сот орындаушылардың жұмысына айтылатын сын аз емес. Көптің талап-тілегін ескерген министрлік қазір олардың құзыретін қайта қарап жатыр.

Бекболат Молдабеков, ҚР Әділет министрінің орынбасары:

Арестті тез арада қойып тастайды да, бірақ алуды өте қиындатып жіберген. Қалай сот орындаушы тез арада арестке қояды. Тура сол сияқты тез арада арестен алатын болады. Сол бойынша ақпараттық жүйені дайындап жатырмыз. Енді келесі жылы соны жүзеге асыратын боламыз.

Сондай-ақ, министрлікке қарасты құзырлы органдардан қызмет алу процесі жаппай цифрлық жүйеге көшеді. Қазірдің өзінде туу, неке және қайтыс болу туралы куәлікті электронды түрде алуға болады. Мұнан бөлек, елімізде жылжымайтын мүлікті рәсімдеу қызметі айтарлықтай жеңілдетілді. Яғни, халық осындай өзгерістердің игілігін көріп, оң бағасын беріп отыр.

Ерлан Алтаев, қала тұрғыны:

Бұрын соның барлығы жүріп істелінетін. Қазіргі таңда мен кез келген қалада тұрып, мысалы құжаттарын нотариуске тексертіп, сол өзім орналасқан жерден сол жерде тұрып, онлайн рәсімдедім.

Облыс тұрғындарымен кездесуде нотариат және адвокатура саласындағы жаңашылдықтар да сөз болды. Биыл аймақта әлеуметтік осал топтарға, мүгедектігі бар азаматарға және зейнеткерлерге адвокаттар тарапынан 5 мыңнан аса тегін заң кеңесі мен көмек берілген. Бұл да жаңа заңнама аясында жүзеге асып жатқан игі істер.

Әділбек Серікұлы


Хабарламаларға жазылу