Ақтауда құбыр жарылып, бірнеше шағын аудан жылусыз қалды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақтауда құбыр жарылып, бірнеше шағын аудан жылусыз қалды

08.12.2022

Ақтауда құбыр жарылып, бірнеше шағын аудан жылусыз қалды. Қаладағы ахуалды өңірдегі тілшімізден білейік. Аягөз, тұрғын үйлерге жылу берілді ме?

Аягөз Оралбайқызы, тілші:
Қалада түстен кейін құбыр жарылып, 6 бірдей шағын аудан жылусыз қалды. Апат 7-шағын аудандағы 21-ші үйдің жанында болды. Мамандар ақау шыққан бойда осы желіге қосылған 6 шағын ауданды түгелдей жылудан ажыратты. Жарылған құбыр табылған соң, 5 шағын ауданға жылу қайтадан берілді. Қазір тек осы маңайдағы 7 тұрғын үйде жылу жоқ. Жұмысшылар жарылған құбырды әлі жөндеп жатыр. Бәрі ойдағыдай болса, бір сағат көлемінде тұрғын үйлерге жылу берілмек.  

Павлодар облысы

Екібастұздағы ахуал: Қалада төтенше жағдай режимі алынды

Болат Аманбаев, тілші:
Екібастұз қаласында бүгін техногендік сипаттағы төтенше жағдай режимі күшін жойды. Осыдан-ақ жағдай қалыпты екенін байқауға болады. Алайда кейбір көпқабатты үйлерде су мен кәріз жүйелері жөнделіп жатыр. Жеке сектордағы 40-қа тарта үйлерге әлі жылу берілген жоқ. Осы жұмыстарды реттегеннен кейін барып, мектептер мен балабақшалар штаттық режимде жұмыс істеуге көшеді. Әзірге оқушылар қашықтан оқып жатыр. Балабақшалар жабық. Бақылаушы және қадағалаушы органдар, жергілікті атқарушы билікті қандай жаза күтіп тұр? Бұны бірер күнде ведомствоаралық тергеу-жедел тобы анықтамақ. Бүгіннен бастап олардың қатарына сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің өкілдері кірді. Соған қарағанда 10 күн бойы халықты жылусыз қалдырғандар жазадан құтылмайтын сияқты.

Иә, Болат, сөзіңіздің жаны бар. Екібастұздағы төтенше жағдайға саладағы жүйелі сыбайлас жемқорлық себеп болған. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Превенция қызметінің басшысы мәлімдеді. Оның айтуынша, басқа қазақстандық кәсіпорындар жұмысында да сыбайлас жемқорлық тәуекелдері байқалады. Олар Семей, Тараз және Батыс Қазақстан облысында орналасқан. Көбінесе жемқор шенеуніктер ақылы түрде коммерциялық нысандарды орталықтандырылған жылу жүйесіне қосқан. Бұл бүкіл жүйеге әсер етеді. Қазір Екібастұздағы апатқа қатысты тергеу жүріп жатыр.  

Саян Ахметжанов, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің өкілі:  
Қазір Павлодар облысы прокуратурасы сотқа дейінгі тергеуді бастады. Әрі қарай тергеу жұмыстары полиция органдарына тапсырылды. Жұмыс тобында сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет мамандары бар.

Аягөз Оралбайқызы, Болат Аманбаев

Хабарламаларға жазылу