Бүгін Екібастұздағы барлық көпқабатты үйге жылу берілді. Бірақ соңғы күндері жылуға қосылған пәтерлердің батареясы жарылып, дәліздегі құбырлар қатып қалғандықтан әлі де жөндеу жұмыстары жүріп жатыр.
Сәтбаев көшесіндегі 8-ші үй орталық магистральде ақау шыққан күні-ақ жылудан ажыратылған. Бақыт Нұралинова содан бері туыстарының үйінде болды. Ал, бүгін жылу берілген соң баспанасын көруге келіпті.
Бақыт Нұралинова, қала тұрғыны:
Жылу беріліпті бүгін. Үйдің ішінде жылы су, суық су жоқ. Канализация дұрыс істемейді. Жылу келді, суда беретін шығар. Біздің жігіттерге көп-көп рахмет! Осында Қарағандының балалары жұмыс істеді. Жылу әкелді біздің үйге. Оларға мың да бір рақмет.
Екібастұзға көмекке келген жөндеу бригадалары соңғы пәтерге жылу берілгенше осында болмақ. Оларға деген елдің ықыласы да ерекше. Жылы киім, азық-түлік лек-легімен келіп жатыр.
Ауыт Мұқибек, қоғам қайраткері:
Кеш болсада келіп, бір жағына болысайық, көмектесейік деп келген болатынбыз. Таңертеңнен бері ас пісіріп, елдерге тамақ таратып жатырмыз. Ағайындардың сәлемін жеткізіп. Сол пәтерлерді аралап көрдік. Құдайға шүкір, жылу беріле бастапты. Сондай бір керемет жылынып кетпегенімен адамдардың кішкене үміті оянып, көңілі көтеріле бастағанын көрдік. Соған өзіміз де қуанып кетіп бара жатырмыз.
Тұрғындардың барлық шығынын монополист өтеп береді. Қазірден бастап 12 жылыну пуктінде өтініш қабылданып жатыр.
Бағдат Орал, Энергетикалық корпорацияның басқарма төрағасы:
Бүгінгі күні біздің тарапымыздан 891 млн теңге көмек қаржы бөлінді. Бұл жұмыстар жалғасады. Сонымен қатар жылу болмаған үйлердің тұрғындары қараша мен желтоқсан айында жылу мен электр қуатына ақша төлемейді.
Облыстың жаңа тағайындалған әкімі Асайын Байханов алғашқы жұмыс күнін Екібастұздан бастады. Жөндеу жүріп жатқан нысандарды аралап, тұрғындармен кездесті. Әзірге Екібастұзда техногендік төтенше жағдай режимі сақталады.
Болат Аманбаев