Екібастұздағы жылуға қосылған үйлер саны артып келеді. Дәл қазір негізгі күш 12 үйдегі пәтерлерге жылу беру жұмысына жұмылдырылған. Жертөлелердегі және пәтер ішіндегі қатып қалған құбырлар, жылу батареялары ауыстырылып жатыр.
Бүгін Екібастұзға көмекке Астана, Қарағанды және Семей қаласынан тағы 200-ден аса адам келді. Апат зардабын жоюға 850-ден аса адам жұмылдырылды. Солардың бірі Мұрат Қанафин. Ол бүгін 20-дан аса пәтерде жылу батареяларын ауыстырды.
Мұрат Қанафин, Семей қаласының тұрғыны:
Біз мына Семейден келдік. Екібастұзда құбыр жарылып жатыр дегеннен кейін көмекке келдік. Біз осы батарея ауыстырамыз Семейде. Тірлігіміз сол енді. Өз еркімізбен келдік.
Анжела Ларионованың балалары соңғы бір аптадан бері анасының үйінде болыпты. Бүгін оның пәтеріне жылу беріліп, үйінің сәні кірді. Енді балаларын қасына алмақ.
Анжела Ларионова, қала тұрғыны:
9-шы күн дегенде жылу берілді. Әзірге су жоқ. Кәріз жүйесі де қосылды. Жарылған шойын батареяның орнына су жаңасын қойып берді.
Бұл негізгі жұмыстар жүріп жатқан аумақ. Жертөледегі желіден жоғарыдағы пәтерлерге жылу кіргізу үшін 180-ге тарта маман тартылды.
Бейбіт Исекеев, қала тұрғыны:
Бұл енді қазіргі ең күрделі үй болып тұрған Сәтпаева 8 бен М.Жүсіп болып отыр. Енді жұмыскерлерге рахмет! Жандарын салып өзімізбен бірге жұмыс істеп отыр. Бәрін қолдарынан келгенше беріп отыр. Жылуы да, киімі де, тамағы да бәрі бар.
Екібастұзға еліміздің түкпір-түкпірінен көмек келіп жатыр. Аманат партиясының облыстық филиалы күн сайын гуманитарлық жүк жібереді. Бүгінде 200-ге жуық электр жылытқышы, 400-ден аса жылы көрпемен тұрмыстық заттар тиелген көліктер келді.
Болат Аманбаев