«Батыс Еуропа- Батыс Қытай»: Көлік дәлізіндегі жерасты өткел құрылысы бітпей тұр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Батыс Еуропа- Батыс Қытай»: Көлік дәлізіндегі жерасты өткел құрылысы бітпей тұр

05.12.2022

«Батыс Еуропа- Батыс Қытай» көлік дәлізі бес жыл бұрын пайдалануға берілгенімен, Түркістан аумағындағы жерасты өткелінің құрылысы әлі күнге аяқталмаған. Шақпақ баба ауылының тұсынан өтетін өткелде жұмыс 10 жыл бұрын басталса да, бітетін түрі жоқ. Құрылыс неліктен ұзаққа созылғанын аймақтағы тілшіміз Айнұр Ақбаева анықтап көрді.

«Батыс Еуропа- Батыс Қытай» көлік дәлізінің Түлкібас ауданында салынып жатқан 840 метрлік жерасты өткелі 3 жыл бұрын тапсырылуы тиіс еді. Бірақ құрылыс әлі жүріп жатыр. Бастапқыда өткелдің төбесі опырылып, содан кешігіп жатырмыз деді, мердігер. Ал қазір жобаны аяқтауға не кедергі екенін ешкім ашып айтпайды. Халықаралық дәлізбен жүретін көліктер болса Шақпақ баба ауылының ішінен өтеді.

Дінмұхаммед Омар, 11-сынып оқушысы:

Жас балдар көп бұл жерде, ойнап шығып кетеді. Одан кейін жол апаты көп болады бұл жерде. Кешке кішкентай сыныптар оқиды. Жетіден кейін келеді олар тем более. Қараңғы батып қалған кезде келеді. Сол қауіпті кішкене.

Ата-аналар баланың қауіпсіздігіне алаңдайды. Сондықтан мектепке өздері апарып, әкелуге мәжбүр. Ал көлік қаққан малды ешкім есепке де алып жатқан жоқ дейді. Мердігердің жұмысы да мардымсыз деп налиды.

Сабырбек Манабаев, Шақпақ баба ауылының тұрғыны:

Алдында Ирандар істеді. Олар банкрот болды деді кетті. Ал мына әзірбайжандар 20 адаммен ақ жұмыс істейді. Бұл 20 адаммен тірлік бітпейді. Менің шамамда 2-3 жылсыз бітпейді. Мынау көшеміз жабылып өте алмай қаламыз.

Құрылыстың қарқыны басылып, мерзімінен кешігіп жатқанын жауапты комитет өкілдері де жақсы біледі. Жоба неліктен бітпей жатқанын да түсіндірді. Яғни тендерді ұтып алған ирандық компания Америка тарапынан санкциялар көбейіп кетуіне байланысты банкротқа ұшырап, жұмысты соңына дейін жеткізбей кетіп қалған. Бұдан кейін қайта ойнатылған тендерді әзербайжандық компания жеңіп алған.

Жандос Егембаев, Автомобиль жолдары комитетінің басқарма басшысы:

Бұл компания 2018-ші жылы бастады. Шарт бойынша негізі 2021-ші жылы берілуі керек еді. Алайда мынау халықаралық ковид пандемиясына байланысты көп заттар мынау тоннельдің ішіндегі шетелден келетіндіктен, сәлі кідіріс болды. Енді қазір 2023-ші жылдың соңында берілетін болады.

Әзірбайжандық компания да пандемияға байланысты шектеулерден мамандары мен өткелге орнатылатын құрал жабдықтарын дер кезінде жеткізе алмай, біраз қиындыққа тап болған. Қазір жерасты өткелінің бір бағыты толықтай ашылып, екінші бағытын ашуға отыз метр қалды дейді. Келер жылы онда ауа алмасу, өрт сөндіру құрылғыларын орнату бойынша жұмыстар жалғасады.

Айнұр Ақбаева


Хабарламаларға жазылу