Абай облысында шағын-орта бизнесті дамытуға арналған өңірлік бағдарлама іске асатын болады. Бизнесін жүргізуге талпынған тұрғындарға қайтарымсыз қаржылай көмек беріледі. Ұқсас жобалар қазірдің өзінде оң нәтиже беріп отыр. 500 мың мен 5 миллион теңге аралығында субсидия алғандар өз кәсібін дамытып, табыс таба бастаған.
Үржарлық Бағлан Манабаев қоларбада билеуден спорт шебері. Қазақстан құрамасының мүшесі. Әлемнің әр түкпірінде еліміздің атын шығарған талантты жігіт спортпен қатар шағын бизнеске бет бұрды. Ол үшін мемлекетен қайтарымсыз грант алған. Қазір фотоға түсіру, өңдеу, мәтін теру мен көшірмелер жасау сынды қызмет түрлерін көрсетіп табыс тауып отыр.
Бағлан Манабаев, кәсіпкер:
Нәтиже жақсы. Даму бар. Өйткені, алғашында тұтынушы аз болған. Менде құр компьютердің басы ғана болған. Күнделікті жұмыс істеп, несібемді тауып жүрмін.
Шағын кәсіп ашуға ұмтылған Қарауыл ауылының тұрғыны Сая Күдерина көп балалы ана ретінде жеңілдіктерге ие болды. 1 миллионнан астам қайтарымсыз грант алып, заманауи тігін машиналарын сатып алған. Жаңадан цех ашып, ол бас аяғы үш айда табыс әкеле бастады.
Сая Күдерина, кәсіпкер:
Бұрыннан арманым еді. Өзім тігінді жақсы көретінмін. Қызым да тігеді. Бәріміз жабылып отбасымызбен қарқынды бастап кеттік жұмысты.
Аймақта шағын-орта кәсіпкерлікті дамыту мен тың бизнес идеяларды қолдау үшін конкурстар тұрақты өткізіліп жатыр. Ол үшін 46 миллион теңге бөлінген. Келесі жылы қаржыландыру 100 миллион теңгеге жетпек. Оған қоса өңірлік бағдарлама қолға алынады деп жоспарланған
Мұрат Мәлкаждар, Жеке кәсіпкерлікті қолдау және дамыту бөлімінің басшысы:
Біз «Даму» қорымен бірлесе отырып өзіміздің өңірлік бағдарламамызды ашуға шештік. Бұл бағдарлама бойынша бюджеттен 300 миллион теңге бөлінген. «Даму» өз тарапынан 900 миллион теңге бөлуге дайын.
Абай облысында 47 мыңға жуық кәсіпкер бар. Ұлттық жоба аясындағы бағдарламаларды іске асыру арқылы шағын және орта бизнес өкілдерінің саны алдағы уақытта еселеп артады деген үміт мол
Ержан Жақып