Қызылорда облысында «Birge: Taza Qazaqstan» республикалық акциясы қорытындыланды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қызылорда облысында «Birge: Taza Qazaqstan» республикалық акциясы қорытындыланды

02.12.2022

Қызылорда облысында «Birge: Taza Qazaqstan» республикалық акциясы қорытындыланды. Екі айға созылған тазалық науқанында 3 мың тоннадай қоқыс шығарылды. Ал осы игі іске айрықша үлес қосқан жұмысшыларға облыс әкімі шипажайға жолдамалар табыс етті.

Туған жердің табиғатын ластамау, экологиялық мәдениеттілікті дәріптеуге бағытталған тазалық акциясы Сыр өңірінде кең ауқымда өтті. Облыс аумағында ұйымдастырылған сенбіліктерге 20 мың тұрғын жұмылып, бүгінде ауыл ел айнадай тазарып қалды. Аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев эко науқанға атсалысқан жандарға алғысын білдіріп, көпшілікті игі іске үн қосуға шақырды.

Нұрлыбек Нәлібаев, облыс әкімі:
Мемлекет басшысы қоғамда экологиялық құндылықтарға үндейтін «Birge: Taza Qazaqstan» акциясын жүйелі түрде өткізуді тапсырған болатын. Туған жерімізге жанашырлық танытып, игілікті іске қолдау білдіріп, акцияға үн қосқан барлық мемлекеттік кәсіпорындармен, жеке ұйымдарды, еңбек ұжымдары мен тұрғындарға ерекше алғысымды білдіремін.

Шара барысында биылғы тазалық акциясында ауқымды іс тындырып, өзгелерге үлгі болған 7 ауылдық округке су сорғы қондырғылары берілді. Сондай-ақ, қарапайым еңбек адамдары да сый-құрметке бөленді. Күннің ыстығы мен желдің өтінде көше мен аула тазалап, тынбай еңбек етіп жүрген 30 жұмысшыға еліміздегі белгілі шипажайларға жолдамалар табысталды.

Зидашгүл Оразбаева, Жалағаш ауданының тұрғыны:
Біз көше тазалығына қараймыз. Еңбек еткеніме қазір 22 жыл болды. Жыл бойы жүремін, шаршадым демеймін, шалдықдытым демеймін. Осы арманым еді менің. «Сарағашқа» бару арманым еді. Міне, қолым жетіп тұр енді.
Гүлнәр Жәлиева, Қармақшы ауданының тұрғыны:
Өзім 98 жылдан бастап, осы қоғамдық ақылы жұмыста істеп келе жатырмын. Халық енді қазір түсініп келе жатыр ғой тазалықты. Әркімнің өзінің парызы ғой туған елін көркейту, гүлдендіру. Еңбегімізді елеп жатқанына мың да бір алғыс!

Сайлауға белсене атсалысқандар марапатталды

Мұнан бөлек, Сыр өңірінің жұртшылығы жуырда өткен еліміз үшін маңызды саяси науқанда да республикада алдыңғы қатардан көрінді. Сайлаудың үгіт-насихатына атсалысқан қоғам белсенділері бұл күні Президенттің «Алғыс хатымен» марапатталды.

Әділбек Серікұлы


Хабарламаларға жазылу