Еңбек адамы: Ақтауда көше сыпырушыларға жағдай жасалды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Еңбек адамы: Ақтауда көше сыпырушыларға жағдай жасалды

02.12.2022

Ақтауда коммуналдық салада жұмыс істейтіндер үшін ас ішіп, аяқ суытатын арнайы орындар әзірленді. Сондай-ақ, олар жылы киімдермен қамтамасыз етіліп жатыр. Жұмысшылар өздеріне бұрын соңды бұлай жағдай жасалмағанын айтады. Таңнан кешке дейін көше сыпырып, қаланы таза ұстау жолында тер төгетін еңбек адамдары туралы Аягөз Оралбайқызының бейнематериалында.

Аягөз Оралбайқызы, тілші:
Қаланың тазалығына жауапты жұмысшылар таңғы 8-ден бастап міндеттеріне кірісті. Олар қыстың суығында да, жазда желдің өтінде бел жазбай еңбек етеді. Өздеріне тиісті аумақты күніне тіпті 4-5 шақырым жер жаяу жүріп тазалайды. Себебі, мейлі ақшасы аз болса да, олар үшін тазалық басты орында.

Илифа Көбенова 13 жылдан бері көше сыпырушы болып еңбек етеді. Қаладағы шағын аудандарды қоқыстан тазартатын бригаданың белді мүшесі. Зейнет жасына таяп қалса да, жастарға үлгі. Тазалыққа жаны құмар әйел, жұмысына ерекше жауапкершілікпен қарайды.

Илифа Көбенова, көше сыпырушы:
7-8 үйдің ірі қоқысын тазалаймын. Айналып келіп жерлерімді қай жер лас болса, сыпырамыз. Жаздық-қыстық бізге формаларын беріп жатыр. Үстімдегі киімдерім жып-жылы.

Коммуналдық қызметшілердің жұмысы тұрғындардың күнделікті көз алдында. Көшелер бір күн сыпырылмай қалса, айналаны қоқыс жайлайтыны белгілі. Сондықтан жұмысшылардың еңбегі адал дейді жұрт.

Тұрған Ләтипова, Ақтау қаласының тұрғыны:
Таңертеңнен қара кешке дейін жұмыс істеп жатады. Бұл кісілер болмағанда қаламыз таза болмас еді. Күнде көреміз бұл адамдарды тазалықты жақсы жасайды.

Ақтау қаласы бойынша көше сыпырумен айналысатын 20 бригадада 350 адам жұмыс істейді. Олар түскі үзілісте бір мезгіл бөлмелеріне жиналып, аяқ суытады. Демалатын орындарда жұмысшыларға жағдай жасалған.

Сыйындық Досманбетов, учаске бастығы:
Олардың өздеріне ыңғайластырып, салыстырмалы түрде бұрын оларға мынадай жағдай жасалған жоқ. Біздер осындай ғимарат жалдап, 20 бригадаға осы қаламыздағы, ыңғайлап алатын шағын аудандарына қарап, ғимараттары бар өздерінің.

Ақтау - еліміздегі таза қалалардың қатарында. Шаһар тазалығы коммуналдық қызметшілердің тынымсыз жұмысының нәтижесі. Сондықтан келешекте олардың еңбегі бағаланып, құрмет көрсетілсе, жалақылары өссе нұр үстіне нұр.

Аягөз Оралбайқызы


Хабарламаларға жазылу