Қатты аяздың салдарынан бүгін Абай облысындағы мектептерде сабақ қашықтан оқыту форматына көшірілді. Сондай-ақ сенбі, жексенбі күндері жолда қалған көліктер мен жолаушылар автобустары құтқарылған. Зардап шеккендер бар.
Ержан Жақып, тілші:
Кешелі бері Абай облысында қыс қаһарына мініп тұр. Таңертең термометр көрсеткіштері 37 градусқа дейін төмендеген. Сол себепті Семей мен бірнеше ауданда мектептер қашықтан оқытуға көшкен. Сондай-ақ колледждердің 1-2 курс студенттері үшін де сабақ тоқтатылды.
Демалыс күндері өңірде қатты боран салдарынан бірқатар республикалық маңызы бар тас жолдар жабылған болатын. Бұл күндері полиция қызметкерлері ондаған көлікті құтқарған. Үржар ауданында қатты боран салдарынан қар құрсауында 40 жолаушысы бар автобус қалып қойған. Құтқарушылар мен полицейлер жолаушыларды жақын маңдағы елді мекенге жеткізген. Ал Қарауыл ауылында 20 шақырым жердегі қыстақтан жаяу шығып кеткен адам адасып кеткен. Жедел іздестіру нәтижесінде ол 8 сағаттан кейін табылған. Беті мен аяқ-қолын үсік шалған тұрғынды полиция қызметкерлері ауруханаға жеткізді. Мамандар қатты аяз өңірде әлі бірнеше күн сақталады деп отыр. Сондықтан, төтенше жағдайлар қызметі мен тәртіп сақшылары күшейтілген режиміне жұмыс істеуде.
Ержан Жақып