Елдегі темір өндірісі қандай жағдайда? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елдегі темір өндірісі қандай жағдайда?

27.11.2022

Қарағандыдағы Ленин шахтасында болған апатқа 100 пайыз жұмыс беруші кінәлі. Арнайы құрылған комиссия осындай қорытындыға келді. «Арселор Миттал Теміртау» компаниясының бас директоры Биджу Наир мен көмір департаментінің директоры Джелсон Батиста, сондай-ақ шахта басшылығы мен инженерлік-техникалық құраымнан 24 адам кінәлі ретінде күдікке ілінді. Анықталған негізгі заңбұзушылықтар мынадай: Шахтада метан басым аумақтарды барлау, қауіпті сейілту үшін 13 тау-кен шебері жұмыс істеген. Негізінен олардың саны 25 болуы керек. Электр-слесарь мамандарының да саны осынша болуы қажет. Алайда 16-ы ғана жүрген. Метан жарылған жерде көмір шаңын сейілту, аумақты жарықтандыру, бұрғылау қондырғысын орналастыру жұмыстары да қадағаланбаған. Еске салсақ, 3-қараша күні шахтада жарылыс болып, 5 кенші қайтыс болған еді. Тағы 4 адам ауруханаға түскен.

Шетелдік көліктерді тіркеу бойынша заңды Сенат қабылдады. Енді қазақстандықтар автомобилін 200 мың теңге төлеп тіркей алады. Бұл - көлікті бастапқы есепке қою үшін төленетін ақы. Бір шарт: көлік Қазақстанға осы жылдың 1 қыркүйегіне дейін кіргізілген болуы тиіс. Жаңа заңға сай 300 мыңға жуық автокөлікті есепке қоюға болады.

Ұшақ кешіксе, әуе компаниясы билет құнының бір бөлігін қайтаруы тиіс. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі ұсынып отырған жаңа талапқа сай, қаржы тек әуе компаниясы тарапынан әбестік кетсе ғана төленеді. Қазіргі қолданыстағы заң бойынша әуе компаниялары рейсті белгілі бір уақытқа кешіктірсе, ыстық тамақ беріп, жатын орынмен ғана шектеледі. Егер ұшақтың себепсіз кешігуі бірінші рет тіркелесе, 200 АЕК, екінші рет қайталанса 1000 АЕК айыппұл төлейді.

2025 жылға қарай Транскаспий халықаралық көлік дәлізі арқылы тасымалданатын жүк көлемі 10 млн тоннаға дейін артады. Ақтауда өткен жиында Қазақстан, Әзербайжан, Түркия және Грузия мемлекеттерінің сыртқы істер , сондай ақ көлік мәселелеріне жауапты министрлері жол картасына қол қойды. Биыл осы бағыт бойынша 1,5 млн тонна жүк тасымалданып, көрсеткіш 2 есе артты. Алдағы 5 жылда тараптар өздеріне қатысты аумақта порттарды кеңейтуге мүдделі. Ол үшін теміржол желісі мен порт инфрақұрылымын дамытып, теңіз түбін тереңдете түсу көзделген. Порттар мен хабтар салынып, кемелер сатып алынбақ.

Темір қалдықтарын экспорттауға салынған шектеу мерзімі тағы жарты жылға ұзартылды. Ең маңыздысы, бұрын тек көлікпен шығаруға тыйым салынса, енді вагонмен тасымалдауға да рұқсат жоқ. Бұл өзі соңғы 2 жылда талқыланып келе жатқан түйткілді мәселе. Шекара бірде ашылып, бірде жабылады. Ал темір қалдықтарына сұраныс артып барады. Себебі қазір ескі темірлер құбыр, арматура шығаратын зауыттардың негізгі шикізатына айналған. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі алдымен елдегі зауыттарды қамту қажет,-дейді. Ал темірді жинап, оны сыртқа сатуды кәсіпке айналдырғандар бұл қадамды ірі компаниялардың монополиялық қитұрқы әрекеті деп есептейді. Өйткені шектеудің кесірінен шығынға батып жатырмыз , - дейді.

Ал «Апта» бағдарламасын Қазақстанның сол темірді қаншалықты өңдеп отырғаны қызықтырады. Темір өндірісі қандай жағдайда? Құрылысқа ең қажетті тауар арматураға деген сұранысты отандық зауыттар қамти алып жатыр ма? Аманкелді Сейтхан тақырыпты зерттеп көрген. Сюжетіне назар салсақ.

Аманкелді Сейтхан, тілші:

Осыдан 20 жылдай бұрын мынадай темірдің бір келісі 1 теңге мен 10 теңге аралығында саудаланатын. Ал, қазір кемі 90-100 теңге. Яғни, ешкімге керексіз болып жатқан ескі темірлердің құны қаншалықты артқанын байқауға болады.

Өйткені, темірді кен орынынан қазып алғаннан гөрі дайын темірді қайта өңдеу оңай әрі тиімді,-дейді саланы жақсы білетіндер. Ал, Қазақстанда қайта өңдеу технологиясы дамымай тұрғанда темірді сыртқа таси бастағандар көп.

Мысалы, Маңғыстаулық Асланбек Досмағұлов осы кәсіппен 12 жылдан бері айналысады. Ол темірді Ресейге сататын. Бірақ, соңғы 2 жылда оған шектеу қойылып, кәсібі тұралап қалған.

Асланбек Досмағұлов, темір сатушы кәсіпкер:

Бүгінгі таңда жұмыс істей алмай отырмыз. Бұның алдында 5-6 площадка болса қазір тек қана 2 площадка. Оның алдында 200-300 адам жұмыс істесе, қазір 40 адам жұмыс істеп жүр. Қарағанды облысына жіберіңдер деп отыр. Тек Арселор Миттал деген зауыт бар.

Асланбек жиналған темірді көрші елге өткізгенше, Қарағанды тасуға қарсы емес. Бірақ, айтуынша, мұнда баға төмен. Сондықтан, сыртқы бағамен есептеп жинаған темірді ішке сатсам, шығыным ақталмайды,-дейді.

Асланбек Досмағұлов , темір сатушы кәсіпкер:

Қазақстан зауытының ішкі бағалары Ресеймен салыстырғанда 40 теңгеге дейін арасында айырмашылығы бар.Қазақстанның ішіндегі зауыттарға тиейік десек, ішкі логистикасы қымбат.

Ал, Тараздық Асылбек Әбілдиновтің 6 мың тоннадай темірі әлі сақтаулы тұр. Бұрын Өзбекстанға арттыратын, қазір шекара жабық. Жиналған қорын ішкі нарыққа сатайын десе, тасымал мәселесі шешілмеген.

Асылбек Әбілдинов, темір сатушы кәсіпкер:

Шымкент қаласында Шымкент зауыты, Қытай зауыты олар да қабылдап жатыр. Бірақ, біз олармен жұмыс істей алмай отырмыз. Неге, десеңіз біз вагондармен жұмыс істейміз. Олар вагондармен қабылдай алмайды. Сондықтан, бізге тек қана Арселор Миттал және КСП Стилл.

Елдегі ескі темірдің негізгі тұтынушылары Теміртаудағы Арселор Миттал мен Павлодардағы КСП Стилл компаниясы. Олар негізінен құбыр мен арматура шығарады. Біз, екі компанияға да хат жіберіп, өндіріс орынын түсіруді, мамандардан сұхбат алуды сұрадық. Бірақ, хатыңызды қарастырамыз деген компания өкілдері бүгінге дейін жауап қатпады. Ал, жазда өткен брифингте КСП Стилл өкілі былай деген:

Мейіржан Кенжебаев, «KSP Steel» ЖШС Астана қаласындағы өкілдігінің директоры:

Біз бағаны Ресейдің Орал федералды аймағындағы бағаға қарайластырып қойып отырмыз. Одан көтерсек, өзіміз шығынға батамыз. Ал, біздегі зауыттар темір қалдықтарының жетіспеушілігін 2012 жылы-ақ сезіне бастаған. Сол кезде 3-ақ компания еді, қазір олардың саны көбейді.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінң мәліметінше, елде темір өңдейтін 13 зауыт бар. Оларға шикізат жетпейді. Сондықтан, темірді сыртқа сатқаннан санаулы кәсіпкерлер пайдаға кенеледі, ал, жалпы экономикалық тұрғыда елге тиімсіз дейді. Оны бір ғана арматураны мысалға келтіріп, былай түсіндірді.

Жанат Игісінов, ҚР ИИДМ Қара металлургия және көмір өнеркәсібі басқармасының басшысы:

Мысалы біз 21 жылы 554 мың тонна темір қалдықтарын Ресейге арттырсақ, олар одан арматура жасап бізге қайтып 659 мың берді. Ал оны ақшаға бағаласақ экспорттан 124 млрд таптық, ал сатып алу үшін 260 млрд теңге жұмсадық.

Бұл тек бір өнімге қатысты, басқа өнімдер бойынша да қыруар қаржы сыртқа кетіп жатыр дейді министрлік өңілі. Бірақ, Қайталама металлургия өнеркәсіпшілері одағының төрағасы Владимир Дворецкий бұл уәжбен келіспейді. Ол экспортты шектеу салдарынан соңғы 2 жылда жеке кәсіпкерлердің темір қалдықтарын жинау белсенділігін төмендетті дейді.

Владимир Дворецкий, қайталама металлургия өнеркәсіпшілері одағының төрағасы:

Осы шектеу басталғалы біз тек Ресейге металл сынығын шығармау салдарынан 200 млрд теңгеден айырылдық. Өйткені, бұрын жылына 3 млн тонна темір жинасақ, қазір ол екі есеге азайып кетті. Өйткені, кәсіпкерлер ішкі зауыттармен жұмыс істегісі келмейді.

Дворецкийдің дерегінше металл сынығын экспорттауға тыйым салынғаннан кейін осы саладағы 140-тан астам шағын кәсіпорын жұмысын тоқтатқан. Сондықтан, ол мұны монополия деп есептейді.

Владимир Дворецкий, қайталама металлургия өнеркәсіпшілері одағының төрағасы:

Бұл олигополияның нағыз мысалы. Мысалы, бізде 13 зауыт бар десек те, қазір үлкен 2 зауыттың айтқаны болып отыр. Басқалар олар қойған бағадан аса алмайды. Соның салдарынан бәсеке жойылып, тиісінше, темір жинайтындлар да азайды. Біздің есеп бойынша, елімізде 100 мың адам темір теріп, күнін көріп жүр. Оның 50 мыңы айына 500-600 мың теңге табатын. соның бәрі енді табысынан айырылуы мүмкін.

Ал, индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі мұндай шектеу тек бізде ғана еме көрші елдердің бәрінде бар екенін айтты.

Жанат Игісінов – ҚР ИИДМ Қара металлургия және көмір өнеркәсібі басқармасының басшысы:

Көрші Ресей мемлекетінде сыртқа сынықты шығару үшін әрбір тоннасына кедендік бажды 100 еуроға көтерген, ол аз болып қазір 270 еуроға көтерді. Бізден ондай жоқ, бізде баж бар, бірақ аз. Қырғызстанда мысалы, сондай шектеу қойылған, Арменияда ембарга бар, Беларуста тіпті мемлекеттік монополия.

Осылайша, темір экспортына салынған шектеу тағы алты айға жалғасады. Одан кейін де шектеу алына ма, алынбай ма нақты белгісіз. Бір белгілісі темір қалдықтарының құны жыл санап артып барады, тек оны қолдан түсірмеу маңызды. Айта кетейік, биылдан бастап тек темір емес, түсті металдарды да мысалы, қорғасын, мыс, мырыш, алюминийді сыртқа тасымалдауға уақытша тиым салынған.

Аманкелді Сейтхан

Хабарламаларға жазылу