Владимир Соловьев: Бағдарламамыздың атынан Тоқаев мырзаға деген құрметіміз өзгермейтінін жеткізгім келеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Владимир Соловьев: Бағдарламамыздың атынан Тоқаев мырзаға деген құрметіміз өзгермейтінін жеткізгім келеді

27.11.2022

«Ресейдің Украинадан кейінгі проблемасы – Қазақстан» - деген мәлімдеме жасалған бағдарламаның жүргізушісі Владимир Соловьев ақталуға талпынып, «Қазақстанды жақсы көремін» деген бейнеүндеу жасады.

Осы апта ресейлік «Вечер с Владимиром Соловьёвым» ток-шоуындағы саясаткер Дмитрий Дробницкийдің Қазақстанға қатысты мәлімдемесі қоғамды дүрліктірген еді. Саясаткер тікелей эфирде «Украинадағыдай ұлтшылдық процесстер Қазақстанда да басталуы мүмкін» деген пайымын жеткізеді.

Бұл ой Ресейдің федералдық арнасынан айтылғандықтан, қазақстандықтар мұны қауіп ретінде қабылдады. Парламент Сенатының Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Мұхтар Құл-Мұхаммед ресми Мәскеу «объективті жауап беруі тиіс» деп мәлімдеме жасайды.

Ал Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков «Хабар24» тілшісіне былай деп жауап берген: «...Бұл саясаттанушылардың пікірі үкіметтің, Кремльдің ресми бағытын білдірмейді. Оларды тыңдап та, көріп те керек емес».

Кремль Соловьевке де «кеңес» берді ме екен?! «Тыңдап, көруге» де тұрмайтын саясаттанушылар жиі қатысатын бағдарламаның жүргізушісі қазақстандықтарға деген ерекше ықыласын білдірді. Ол келесі апта Қазақстан президенті Ресейге келе жатқанын айта келе, қазір қиын кезең екенін, сондықтан адамдар эмоцияға беріліп кететінін алға тартты.

Владимир Соловьев, Ресей тележүргізушісі:

Біздің бағдарламамыздың атынан Тоқаев мырзаға деген құрметіміз өзгермейтінін жеткізгім келеді. Егер қандай да бір алаңдатарлық ойлар айтылып қалса, өкінішке қарай, қызу пікірталас кезінде әртүрлі жағдай болуы мүмкін. Бірақ біз Қазақстанды жақсы көреміз, Қазақстан билігін сыйлаймыз және Ресей-Қазақстан достығының мәнін түсінеміз.

Альбина Әшім


Хабарламаларға жазылу