Хабарымызды төтенше жағдайдан бастасақ. Екібастұздың Жылу электр орталығында апат болып, 130 көпқабатты үйдің тұрғындары қақаған қыста жылусыз қалды. Зақым келген жерлерді анықтау үшін жедел штаб құрылды. Мамандар күні бойы сыртқа кетіп жатқан желілік судың көлемін азайтып әлек. Қарашаның 27-не қараған түні Екібастұздың жылу электр орталығында желілік судың шығыны күрт өскендіктен, төрт бірдей қазандықтың жұмысы тоқтап қалған. Мамандар қосымша екі қазандықты іске қосты.
Апат салдарынан Қиын өмірлік жағдайдағы балаларлы қолдау орталығы жылусыз қалған екен. Облыс әкімі орталықта жатқан балаларды Павлодарға эвакуациялау туралы шешім қабылдаған. Төтенше жағдай туралы Павлодар облысындағы меншікті тілшіміз Болат Аманбаев баяндап берсін.
Екібастұз қаласында төтенше жағдай. Бүгін түнде қаладағы жылу электр орталығы бұзылып, 150 дей тұрғын үй мен әлеуметтік нысандар жылусыз қалды. Ақаудың нақты қайдан шыққанын дер кезінде анықтай алмағандықтан жағдай ушығып, жауаптылар әбден әбігер болды. Шұғыл түрде арнайы штаб құрылып, оқиға орнына таң ата Астанадан арнайы мамандар жедел жетті. Қыс басталмай жатып тұтас қаланы жылумен қамтып отырған алып нысанның жұмысы неге тоқтады. Кінә кімде, кінәрат неден. Өңірдегі тілшіміз Болат Аманбаев мән жайды анықтауға тырысты.
Болат Аманбаев, тілші:
Екібастұздағы жылу электр орталығы бір түнде сыр берген жоқ. Стратегиялық нысанның күйі бұған дейін де мүшкіл болатын. Жылуға жауапты монополистің орталықты мемлекет меншігіне өткізем деп ат тонын ала қашқан себебі де сол. Айтқандайын алғашқы аязда- ақ оқыс жағдай орын алды. Сондықтан, бұл жағдайда жергілікті билік апат айтып келмеді деп ақтала алмайды.
Түнгі 1 жарым шамасында орталықтың жылу желілері зақымданып, желілік судың қысымы төмендеп кетеді. Соның салдарынан 4 бірдей су жылыту қазандықтары істен шықты. Сондай-ақ №8 энергетикалық қазандықты қолмен тоқтатуға тура келді.
Әбілқайыр Сқақов, облыс әкімі:
Қазіргі таңда мысалы 1200 тоннадан суды тұтыну 700 ге дейін төмендеді. Мысалы 3/1 бөлігін төсендеттік. Тағы 3/1 бөлігін төмендетсек ол жылу беру жұмысы қалпына келеді деп айтуға болады. бірақ қай есеппен, қай уақыттан кейін екендігін айта алмаймыз. Қазір нақты бізде 130 көпқабатты үй жылу берусіз тұр. Сонымен қатар 100 жекеменшік үйлер.
Шырт ұйқыда жатқанда жылусыз қалған жұртты дүрліктірмес үшін жергілікті билік шұғыл қимылдауға кірісті. Желідегі ақауды жедел анықтау үшін коммуналдық мекемелердің қызметі күшейтіліп, 15 бригада құрылды.
Жандос Нұрмағанбетов, ҚР Энергетика министрінің орынбасары:
Мен айтайын дегенім Екібастұз стансасының қазандықтары жұмыс істеп жатыр. Апат жылу жүйелерінде. Жағдай күрделі. Екібастұз қаласында 370 шақырым құбырлар. Жылына 3-4 шақырым тек қана жөнделеді. Сонда қарасныз бәрін ауыстыру үшін 100 жыл керек деген сөз.
Түс ауа балаларды қолдау орталығының тәрбиеленушілерін шұғыл Павлодарға көшіру туралы шешім қабылданды.
Айзада Құрманова, Облыс әкімінің орынбасары:
Тағдыры қиын, көмекке мұқтаж балаларға көмек беру орталығынан 36 бала және «Жас ұрпақ» үйінің 14 тәрбиеленушісі Павлодарға көшірілді. Жалпы саны 50 баланы сондағы мемлекеттік мекемеге орналастырдық.
Сондай ақ аурухана мен өзге де әлеуметтік маңызы бар нысандар түні бойы бақылауда болады. Әзірге олар қосымша тоқ пештердің көмегімен амалдай тұрмақ. Себебі, магистральдегі 23 жерден судың кетіп жатқаны анықталды. Бірақ там-тұмдап емес, тонналап кетіп жатқан ақау әлі табылған жоқ.
Болат Аманбаев, тілші:
Қазір сағат кекі 6-ға таяп қалды. Жөндеу күші осы жерге жұмылдырылып жатыр. Себебі, негізгі ақау осы жерден шығуы мүмкін. Бірақ бұл әзірге жорамал ғана.
Бұған дейін жылу электр орталығының қызметіне тұрғындар шағымданған соң Энергетика министрлігі тарапынан арнайы комиссия құрылып, тамыз айында маңызды нысанның жұмысын тексерді. Сол кезде кәсіпорын басшылығына жөндеу жұмыстарын жеделдетіп, қыстан қысылмай шығу үшін қарекет етуді тапсырды. Алайда, жұмыс шала атқарылды, ақыры апатқа соқтырды дейді наразы жұрт .
Осылайша еліміздің жылу электр орталығы саналатын ерекше статусқа ие Екібастұз шаһарының өзі жылуға зәру болып отыр. Әзірге төтенше жағдай жарияланған жоқ. Ертең оқушылар мен студенттер түгел қашықтан оқиды. Ал, балабақшалардың жұмысы уақытша тоқтатылады.
Қарашаның ортасында Риддерде 2 рет апат болып, халық жылусыз қалған еді. Енді, міне, Екібастұз. Жылу маусымы басталғалы жүйенің проблемалары жөнінде бірнеше рет «Апта»-дан материал бергенбіз. Қазақстандағы Жылу электр орталықтарының орташа жасы 60-тан жоғары екен. Демек, мұндай апаттар жиі болатын түрі бар. Әсіресе, инфрақұрылымы әбден тозған моноқалалардың жағдайы қиын.
Болат Аманбаев