ЕуроОдақ Ресейге қарсы санкциялардың тоғызыншы пакетін әзірлеп жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

ЕуроОдақ Ресейге қарсы санкциялардың тоғызыншы пакетін әзірлеп жатыр

25.11.2022

Еуропа Одағы Ресейге қарсы санкциялардың тоғызыншы пакетін әзірлеп жатыр. Мұны Финляндияға сапарында Еуропа комиссиясының басшысы Урсула фон дер Ляйен мәлімдеді. Алайда ол жаңа шектеулердің мән-жайын ашып айтпады.

Өткен айда бұл одақ Мәскеуге қарсы сегізінші санкцияны жариялады. Оған сәйкес, Ресеймен арадағы болат және технологиялық өнімдер саудасына шектеу қойылды.

Қарашаның 23-де Еуропарламент Ресейді терроризмді демеуші ел деп танып, оны Украинаның энергетикалық инфрақұрылымына, госпитальдеріне, мектептеріне және өзге де азаматтық нысандарына әскери соққы берді деп айыптады. Алайда Кремль оларға әдейі шабуыл жасалғанын жоққа шығарып отыр.

Тағы бір айта кететін жайт, Еуропа одағы импорттық газ бағасының өсуін тоқтату мәселесінде келісе алмады. Өйткені, бұл идеяны Нидерланды, Германия, Швеция, Австрия, Финляндия тәрізді елдер қолдамаған. Бұл мемлекеттердің ойынша, көгілдір отын нарқы қымбаттамаса, тұтынушылардың оны үнемдеп пайдалануға ынтасы жоғалып, Ресей газды өзге аймақтарға көбірек ұсына бастауы мүмкін.

Арыстан Рысбек

Хабарламаларға жазылу