169 млрд теңге қаражат керек: БҚО-да электр желілерінің 82% тозған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

169 млрд теңге қаражат керек: БҚО-да электр желілерінің 82% тозған

24.11.2022

Батыс Қазақстан жарыққа жарымай отыр. Облыста электр желісінің 82 пайызы әбден тозған. Мәселен, Теректі ауданы Ақсуат ауылында апта сайын жарық сөнеді. Президент бұл мәселені сынға алып, облыс әкіміне жағдайды реттеуді тапсырған еді. Мемлекет басшысының тапсырмасы қалай орындалып жатқанын әріптесім Ардақ Мұратқызы зерделеп көрді.

Ардақ Мұратқызы, тілші:
Мінекей, біз жарығы жиі сөнетін Ақсуат ауылына келдік. Мұнда электр желісі әбден тозған. Мына бағананың бетоны үгіліп, сымы сыртына қарай майысып, ағашы шіріп тұр. Осының тұрғанына 70 жылдан асқан.

Ауылда 20 шақты баған осылай апатты күйде тұр. Екі трансформатор өртеніп кеткен. Оқшаулаған желі үгіліп, үзілуге жақын. Сымдары да қырық жамау. Салдарынан жарық жиі сөнеді.

Гүлжан Нысан электр қуаты жиі болмағандықтан, қып-қызыл шығынға батқан. Тұрмыстық бұйымдары жиі істен шығатын ол кімге барып шағынарын білмейді.

Гүлжан Нысан, Ақсуат ауылының тұрғыны:
Тоңазытқышсыз отыра алмаймыз ғой, несиеге алдық. Стабилизатор алып қойдық. Жарық сөніп қалғанда, техникамыз жанып кетпесін деп. Осы айда жарық 10-15 рет сөнді. Ертең алдымызда қақаған қыс келе жатыр. Ол кезде не болады?

Ай басында алғашқы қар жауғанда Теректі ауданында 2 мың абонент жарықсыз қалды. Газ пеші де жарыққа тәуелді болғандықтан, тұрғындар тәуліктеп жылусыз отырды.

Тоқтамыс Дәукенов, зейнеткер:
Алғаш қар жауғаннан бастап екі тәулік жоқ болды. Төрт көшеде болған жоқ. Күні кеше сулы қар жауғанда тағы екі көше. Шіріп тұр ма, таттанып тұр ма, не ол? Әлі күнге дейін жарық жоқ.
 Леонтий Галуца, Ақсуат ауылының тұрғыны:
Соңғы кезде ештеңе жасалмайды. Жарық сөнеді, столба құлайды. Сым үзіледі. Жасайтын кісі жоқ. Электриктер жоқ дейді. Ешкім келмейді. 100 мың теңгеге кім келеді?

Облыста жалпы 20 мың шақырымға созылған электр желісінің 16 мыңы тозып тұр. Яғни желінің 82%-ы әбден ескірген. Түгел жаңарту үшін 169 млрд теңге қаражат керек. Президент сынынан кейін өңірге кезең-кезеңмен қаржы бөлінетін болды. Маман тапшылығы да өткір тұр.

Тілек Харин, облыстық электр желілерін тарату кәсіпорны бас инженерінің орынбасары:
Бағдарлама бар республика қабылдаған. 20 млрд, 3 жылдық. Соның ішінде 5-6 шақырымдай осы ауылдың іші 30 пайыздай жаңарады. Біздің кірісіміз тарифке байланысты. Тариф төмен болғандықтан, жалақыны да көтере алмай отырмыз.

Қазір өңірде тариф құны - 19 теңге. «Егер баға, ең болмаса, 1 теңгеге көтерілсе, қосымша 1 млрд теңгені жалақы мен ағымдағы жөндеуге жұмсар едік», - дейді тасымалдаушы компания. Жалпы ауданның жарығын қалпына келтіруге алдағы үш жылда 900 млн теңге қаражат бөлу жоспарланған.

Ардақ Мұратқызы


Хабарламаларға жазылу