Украинада халықты қолдауға арналған мыңдаған орталық ашылып жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Украинада халықты қолдауға арналған мыңдаған орталық ашылып жатыр

23.11.2022

Украинада халықты қолдауға арналған мыңдаған орталық ашылып жатыр. Мұны президент Владимир Зеленский мәлімдеді. Ресей әскерінің соққыларынан, бұл елдің энергетикалық инфрақұрылымының жартысы қирап, жүздеген ауруханаға нұқсан келді. Соның салдарынан алдағы қыста миллиондаған адамның денсаулығына қауіп төнуі мүмкін. 

Шын аты да, заты да белгісіз британдық граффити шебері Бэнкси қыс қарсаңында Украинаға барып та сурет салып кеткен. Мына портретте – ваннаға түсіп жатқан адам. Украинада миллиондар үшін арманға айналған көрініс.

Киев түбіндегі Горевка ауылының тұрғыны - 43 жастағы Татьянаның үйі де биыл наурызда көрші ел әскерінің соққысынан қирады. Қазір ол үшін анонимдік суретшінің бұл картинасы жылылықтың ғана емес, соғыстың кірінен арылудың да символы.

Татьяна Резниченко, Горевка ауылының тұрғыны:

Мен үшін бұл барлық кірден тазаруды білдіреді. Соғыс әкелген кірден. Суретке қарап тұрып, дәл сондай әсерге бөленемін.

Татьянаның басындағы жағдай талайларға тән. Украина үкіметінің мәліметінше, Ресей армиясының дрондармен, зымырандармен жасаған шабуылындарынан елдің энергетикалық инфрақұрылымының жартысы зақымданып немесе жойылып, 10 миллиондай адам жарықсыз отыр. Ресей болса, көрші елде азаматтық нысандарды көздегенін үнемі жоққа шығарып келеді.

Алда қыс. Одан миллиондарды алып шығу қажет. Сондықтан, қазір Украинада халыққа тегін жәрдемдесетін мыңдаған орталық ашылып жатыр.

Владимир Зеленский, Украина президенті:

Біз қолға алған жаңа жоба «Беріктік орталығы» деп аталады. Бүгінде мұндай орталықтың 4 мыңы ашылды. Олардың мақсаты – Ресей жаппай соққы берген жағдайда халықты энергиямен, жылумен, сумен, интернетпен, дәрі-дәрмекпен, телефон қуаттайтын мүмкіндікпен тәулік бойы қамтамасыз ету.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегінше, Ресей әскері ақпаннан бері Украинаның ауруханалары мен медицналық мекемелеріне кемінде 700 мәрте соққы беріпті. Соның салдарынан бүгінде мұнда жүздеген госпиталь толық жұмыс істемей тұрғандықтан, алдағы айларда миллиондаған адамның денсаулығына қауіп төнуі мүмкін.

Арыстан Рысбек 

Хабарламаларға жазылу