Абай облысында 320 отбасы баспаналы болады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Абай облысында 320 отбасы баспаналы болады

21.11.2022

Абай облысында жыл санап тұрғын үй кезегінде тұрғандар саны азайып келеді. Тек соңғы екі жылда 1,5 мың отбасы баспаналы болған. Мемлекеттік тұрғын үй қорының есебінен негізінен аз қамтылғандар, көп балалылар мен асыраушыларынан айырылғандар пәтерге ие болады. Биыл жыл соңына дейін өңірде тағы 320 отбасы қоныс тойын тойламақ.

Айнұр Жолдасханова жалғызбасты ана. Абай облысындағы Қарауыл ауылының тұрғыны. Медицина саласының қызметкері. 2019 жылдан бері үй кезегінде еді. Жылдар бойы жалдамалы пәтер жағалап жүрген. Мемлекеттік тұрғын үй қоры есебінен кеше ғана баспаналы болды.

Айнұр Жолдасханова, Қарауыл ауылының тұрғыны:

Жақсы бағдарлама. Енді әр адамның жағдай әр түрлі. Өзім жалғыз басты ана болғаннан кейін ала алмаймын. Мен шын өте қуаныштымын. Осындай көп болса екен деймін жастарға. Көп балалы отбасы да алып жатыр кеше.

Балнұр Есіркенова болса, мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отыр. Бұл санаттағыларға да мемлекет жеңілдік қарастып қойған. Жап-жаңа пәтерге өткен жылы қол жеткізді. Үйдің сапасы өте жоғары дейді. Мемлекеттің қамқорлығына шексіз риза.

Балнұр Есіркенова, Қарауыл ауылының тұрғыны:

Бала-шаға міне көбейіп жатыр. Кең үй. Жақсы. Жарық. Рахмет осындай бағдарламалар ойластырып, жастарға жол ашып беріп жатқанына.

Жалпы Абай ауданындағы Қарауыл ауылында соңғы 2 жылда 100-ге тарта баспана салынды. Мемлекеттік тұрғын үй қоры есебінен, олар аз ақмтылғандарға, көп балалылар мен мүмкіндігі шектеулілерге берілген.

Мадина Рымханова, Абай ауданы ТҮКШ меңгерушісі:

Халықтың өмір сүру сапасын жақсарту үшін, қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету үшін 2020 жылдан бастап біздің ауданымызда жалға берілетін тұрғын үйлер құрлысы жүргізілуде. Бұл үйлер жеке кәсіпкерлер есебінен салынады. Жеке кәсіпкерлер есебінен салынғаннан кейін сатып аламыз. Құрлыс мамандары жағынан қадағалау болады.

Қазір Абай облысы бойынша тұрғын үй кезегінде 18 861 тұрғын тұр. Жаңа жылға дейін кезекте тұрғындарға мемлекеттік тұрғын үй қорынан 500-ге жуық баспана табысталмақ.

Ержан Жақып

Хабарламаларға жазылу