Мәскеуде - 1398 сайлаушы, Санкт-Петербургте - 695, Қазанда - 300, Омбыда - 85 және Астраханьда - 100 отандасымыз өз Конституциялық құқығын пайдаланған. Қазан мен Омбыдағы дауыс беру орындарында тізімдегі азаматтардың 100 пайызы саяси науқанға қатысты.
Дмитрий Журавлев, сарапшы:
Бұл сайлау-демократиялық оң өзгерістердің нәтижесі. Бүгін Қазақстан жаңа дәуірге қадам басқанын көріп отырмыз. Азаматтар дауыс беріп, өз таңдауын жасады. Ең бастысы жоғары белсенділік танытқанын аңғаруға болады. Бұл сөзсіз халықаралық қауымдастық тарапынан да жоғары бағаланып отыр.
Түркиядағы үш сайлау учаскесінде де дауыстарды санау аяқталды. Кеше жергілікті уақытпен сағат кешкі сегізде учаскелер жабылып, бюллетендер салынған жәшіктер ашылды. Анкара, Стамбұл және Анталия қалаларындағы учаскелерде шамамен екі мыңдай адам дауыс берген. Мамандар биылғы Президент сайлауында азаматтар ерекше белсенді болғанын айтады. Әсіресе осы елде білім алып жатқан студент жастар лек-легімен келді. Жалпы шет мемлекеттерде қанша адам дауыс бергенін Сыртқы істер министрлігі бүгін жариялайды.
Индира Бегайдар