Петропавлда қазақ театрының жаңа ғимаратының тұсауы кесілді. Нысанның жалпы аумағы 15 мың шаршы метр. Көрермен залы 500 орынға арналған. Ғимарат дизайні неоклассика стилінде жасалды. Мәдениет ордасының іргетасы 2018 жылы қаланған болатын. Алайда құрылыс жұмыстары 1 жылға жуық уақыт бойы тоқтап тұрып, биыл жазда қайта жанданды. Жаңа ғимаратты салуға бюджеттен 4,8 млрд теңге қаржы жұмсалды.
Ақмарал Сәркенқызы, көрермен:
Мынадай ғимаратты көріп, біздің өнеріміз, мәдениетіміз әрі қарай дамып, бізді тек қана жақсы қойылымдармен қуанта береді деген сенімдеміз.
Труппа жаңа сахнада көрерменге «Шоқан» тарихи драмасын тарту етті. Тәуелсіздік алғаннан бері Қазақстанның әр қаласында 8 театр ашылған. Бүгін тұсауы кесілген нысан 9-шы мәдениет ордасы. Салтанатты жиынға Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев та қатысты. Петропавлда бұдан басқа 3 театр ғимараты бар. Олардың барлығы өткен ғасырда салынғандықтан бүгінгі заман талабына сай келмейді. Болашақта теріскейде ұйымдастырылатын үлкен жиындардың барлығын жаңа нысанда өткізу жоспарланған.
Әділжан Кәрімов, театр актері:
Бұл театр әр актерға шабыт сыйлайды деп ойлаймын. Заманның талабына сай, өйткені ішіндегі техникалардың барлығы жаңағы свет болсын, звук болсын. Мысалы, бұрынғы театрымызда ашылған кезде алынған техникалар ғой.
Эльмира Кәленова