Қазақстан мен Еуропалық Одақ сирек кездесетін жер элементтерін өндіріп, осы салада ынтымақты күшейтпек. Жақында Мысырда Үкімет басшысы Әлихан Смайылов пен Еуропалық комиссия төрағасы Урсула Фон дер Ляйен тұрақты шикізат, батареялар және «жасыл» сутегі құны тізбегі саласындағы стратегиялық әріптестік туралы меморандумға қол қойған болатын. Осы келісімді жүзеге асыру үшін қос тарап жол картасын әзірлемек.
Еліміздің Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Марат Қарабаев Брюссельде Еуропалық Одақ өкілдерімен кездесті. Тараптар геологиялық барлауға бірлесіп қаражат тарту, жаңа өндіріс орындарын құру, көміртегі қалдықтарын азайту және кен орындарын цифландыру мәселелерін талқылады.
Питер Хэндли, Еуропалық комиссияның шикізат бөлімінің жетекшісі:
Жасыл технологияға көшіп, цифрландыруды дамыту үшін біз үш нәрсеге басымдық бермекпіз. Ол-шикізат, жасыл сутегі және батареялар. Осыған қажетті шикізат материалдарын жер астынан іздеу, қайта өңдеу, яғни барлық кезең бойынша іскерлікті арттыруға ниеттіміз.
Марат Қарабаев, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі:
Біріншіден Еуропадан инвестиция тарту, екіншіден технология тарту. Ал ең басты қойып отырған мақсатымыз тек қана Еуропаға шикізат жібереміз емес, сол толыққанды өндірісті ел аумағында қойып, осы Еуропа елдеріне болсын, кәсіпорындарына болсын дайын тауарды жібереміз деген мақсатты алға қойып отырмыз.
Нұрсұлу Қасым