Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада Еуропалық Одақтың сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі Жоғарғы өкілі әрі Еуропалық Комиссияның вице-президенті Жозеп Боррельмен кездесті. Әңгімелесу барысында Президент Тоқаев біздің мемлекет пен кәрі құрлық арасындағы байланыстың жоғары деңгейде екенін атап өтті. Сонымен қатар тараптар экономикалық және инвестициялық байланыстарды одан әрі нығайту мүмкіндіктерін талқылады.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Біз Қазақстан мен ЕуроОдақ арасындағы жоғары деңгейдегі байланыстарды қолдаймыз. Осыған байланысты Еуропалық Кеңестің Президенті Шарль Мишельдің өте табысты болған сапарын және Еуропалық Комиссияның президенті Урсула фон дер Ляйенмен жүргізген келіссөзімді атап өткім келеді. Біз ынтымақтастығымыздың көптеген мәселесі бойынша өзара түсіністікке қол жеткіздік деп ойлаймын. Сондай-ақ Египетте Қазақстан Премьер-Министрі мен Урсула фон дер Ляйен қол қойған Меморандумды құптаймын. Бұл – өзара ынтымақтастық тұрғысынан өте нақты қадам.
Осыдан кейін ЕуроОдақтың Жоғарғы өкілі мен Қазақстанның Сыртқы істер министрі журналистерге арнайы брифинг берді. Жозеп Боррель өз сөзінде: «Қазақстан – өте маңызды және стратегиялық серіктес. Оның маңызы уақыт өткен сайын артып келеді. Біз өзара ынтымақты дамытуға мүдделіміз» - деп атап өтті. Әрі Ресейге салынған санкциялардың өзге елдерге бағытталмағанын айтты. Сонымен қатар ол біздің елдегі сайлау науқаны туралы пікір білдірді.
Жозеп Боррель, Еуропалық одақтың сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі жоғарғы өкілі әрі еуропалық комиссияның вице-президенті:
Алдағы сайлау – Қазақстанның ауқымды реформаларын толық іске асыруды қамтамасыз ету үшін айқын ерік-жігерін көрсетудің маңызды мүмкіндігі. Бұл тұрғыда Еуропалық Одақтың қолдау көрсететінін атап өткім келеді. Қазақстанға жасаған осы сапарым мен үшін өте маңызды.
Шерхан Жамбылұлы