Кезектен тыс президент сайлауына үш күн қалды. Қазір еліміздің барлық өңірлерінде саяси шараға дайындық қызу жүріп жатыр. Мәселен Түркістан облысында 919 сайлау учаскесі жасақталды. Онда 1 млн 168 мыңнан астам сайлаушы таңдау жасайды.
Қарасу ауылының тұрғыны Рахат Қалдыбек биыл алғаш рет дауыс береді. Болашақ заңгер өзі сияқты жастардың келешегі , халықтың әлеуметтік жағдайының жақсаруы да осы маңызды шараға байланысты екенін айтады.
Рахат Қалдыбек, Қарасу ауылының тұрғыны :
Дәл осы сайлауға біз отбасымызбен міндетті түрде қатысамыз. Осы сайлаудан Қазақстанның барлығы жақсы жаққа өзгеруіне, өзіміздің біліміміздің ары қарай артуына, жалпы барлық нәрсенің жақсаруына сенімім мол.
Ауылдағы көпбалалы отбасылардың бірі Майлыбаевтар әулетінде алты кісі сайлау күні өз таңдауын жасайды. Әулеттің қариялары Оңғарбай ақсақал мен Толғанкүл әжей саяси науқаннан ешқашан шет қалған емес.
Толғанкүл Майлыбай, көпбалалы ана:
Бала-шағамызбен жылда барып, жастары келгендер бірге барып, жұмыстағылар жұмыс жерлерінен өткізіп жатты. Енід бәріміз тағы да осы сайлауға аман-есен төрт көзіміз түгел өткізсек деп армандап отырмыз. Әйтеуір жақсылығын берсін Қазақстанымызға.
Қазір Түркістан облысындағы барлық сайлау учаскелерінде дайындық күшейтілген. Өңірде 919 учаскесі бар болса, оның 26-сы жабық учаскелер саналады. Ауылдардағы сайлау учаскелерінің басым көпшілігі мектептерде орналасқан.
Ақбөпе Ілесова, сайлау учаскесінің мүшесі:
Екі мұғаліміміз түске дейін сабақ берсе, түстен кейін осы сайлау үйінде жұмыс атқарудамыз. Өзіміздің кезекшілік кезінде кезекшілік жасаймыз. Ауданнан келген тапсырмаларды орындаймыз. Мәліметтерді толықтырамыз. Ауданнан келген нұсқаулықтармен танысамыз. Ережелермен танысамыз.
Облыс әкімдігі мен аудан-қалаларда колл орталықтар ашылған. Ондағы мамандар жергілікті халықтың сұрақтарына жан жақты жауап береді. Ал сайлау комиссияларының мүшелері мен құқық қорғау органы қызметкерлері, жастар мен БАҚ өкілдеріне арнайы оқыту әдістемелік семинарлары өткізілген.
Данияр Оразымбетов, Түркістан облыстық аумақтық сайлау комиссиясының мүшесі:
Облысымызда барлығы 6355 сайлау комиссиясының мүшесі бар. Оның 6229-ы учаскелік сайлау комиссиясының мүшелері, 129-ы аумақтық сайлау комиссиясының мүшелері. Және осы сайлауға байланысты 22 оқыту семинары өткізілді комиссия мүшелерімен.
Аймақта 11 мыңға жуық мүгедек жан бар. Олар үшін сайлау күні барлық жағдай жасалады. Комиссия мүшелері үйлеріне барып, дауыстарын тіркейді. Ал Бәйдібек ауданындағы ең жасы үлкен сайлаушы 107 жастағы кейуана да бұл күні өз таңдауын жасамақ.
Айнұр Ақбаева