Америкалықтардың қазақ мәдениетіне қызығушылығы артып келеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Америкалықтардың қазақ мәдениетіне қызығушылығы артып келеді

16.11.2022

Америкалықтардың қазақ мәдениетіне қызығушылығы артып келеді. АҚШ астанасындағы Джордж Вашингтон университеті маңынан құрылған Абай орталығының мамандары осындай пікірде. Бұл ұйым Қазақстанды Америка қоғамына таныстыру мақсатында құрылған болатын. 

Бұл Абай орталығының қазақы нақышта жасақталған бір бұрышы. Мұнда кез келген адам қазақтың домбырасын қолына ұстап көруіне, Қазақстанға қатысты ағылшын тілінде жарық көрген зерттеулер мен анталогияларды пайдалануына мүмкіндігі бар. Классик жазушылардың ағылшын тіліндегі шығармаларын да оқи алады. Орталық Қазақстанды америка қоғамына етене таныстыру үшін екі жыл бұрын құрылған еді. Алайда, пандемия көп жоспарды жүзеге асыруға тұсау болды. Кеселдің беті қайтқалы жұмыс жандана түсті.

Айтолқын Құрманова, Еуропа, Ресей және Еуразиялық зерттеулер институтының қызметкері: 

Біз Абай орталығы арқылы тек тарихи жәдігерлерді көрсетіп, мәдени жетістіктерімізді ғана танытуды жоспарлап отырған жоқпыз. Сонымен қатар заманауи Қазақстан мәдениетіндегі жаңалықтарды да жеткізгіміз келеді. Сондықтан орталықтың жұмысын ширатуға қатысты үлкен жоспарларымыз бар. Еліміз туралы ақпаратты ағылшын тілінде тарату тек Америкада ғана емес, бүкіл әлемде Қазақстанға деген қызығушылық артады деп санаймыз.

Қазір орталықтың арнайы сайты жұмыс істеп тұр. Онда қазақ тарихы мен мәдениетіне қатысты ғылыми мақалалар мен батыс саяхатшыларының зерттеулері қойылған. Қазақ музыкалық аспаптарына қатысты подткастарды да осы жерден тыңдап, Абай мұражайына 3D форматта онлайн саяхат жасауға болады. Орталық Джордж Вашингтон университетіндегі Европа, Ресей және Еуразия зерттеу институты жанынан құрылған. Институт директоры Марлень Ларуэльдің сөзінше, Қазақстанды танып білуге деген қызығушылық әсіресе студенттер арасында ерекше жоғары.

Марлень Ларуэль Европа, Ресей және Еуразия зерттеу институтының директоры:

Біздің пайымдауымызша, мәдениет кез келген елдің қуаты, күші, оны терең танымай сыртқы саясатын зерттеу, түсіну халықаралық байланыс орнату мүмкін емес. Сондықтан қазақ мәдениет насихаттауға мүдделі болуымыздың да айқын себебінің бірі осы. Абай орталығы қазақ тарихын, мәдениетін музыкасын, әдебиетін кеңірек аудиторияға паш етудің мүмкіндігі деп білеміз. Жалпы, қазақ мәдениетін тек зерттеушілерге ғана емес, қарапайым америкалықтарға таныту үшін көптеген шараларды ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз.

Соның бірі қазақ киносын тұрақты көрсету. Кинотанушы ғалым Питер Роллбергтың айтуныша, әсіресе, тарихи фильмдер америкалықтардың Қазақстан туралы таным көкжиегін кеңейтудің төте жолы. Орталық ашылған тұста алғашқы шара ретінде Ілияс Есенберлиннің романы негізінде түсірілген «Алмас қылыш» көркем фильмін көрсетуден басталғаны да содан.

Питер Роллберг қазақ киносын зерттеуші, ғалым:

Шын мәнінде Қазақстан туралы АҚШ-та аз біледі. Бұл - шындық. Сондықтан Абай орталығы секілді ұйымдарсыз Қазақстанды таныту, оның тарихы мен мәдениетін таныстыру мүмкін емес. Америкалықтар Қазақстанның өткені туралы мәліметтерді әдебиеті мен киносы арқылы танып жатса, әрине бұл олардың қызығушылығын туғызары сөзсіз.

Пандемияға қарамастан орталық екі жыл ішінде бірқатар шараларды жүзеге асырды. Мәселен, Гарвард университетінде Абай симпозиумы өтіп, мұралары көпшілікке таныстырылса, жақында әйгілі жазушы Мұхтар Әуезовтің 125 жылдық мерейтойына орай халықаралық онлайн ғылыми конференция ұйымдастырылды. Алдағы уақытта тарихи және мәдени шаралар ширай түспек. Бастысы Абай Қазақстан мәдениетіне қызығатын қауыммен байланыс орнататын, түрлі беделді эксперттердің басын қосып, өзара ықтымақтастықты тереңдету бағытында нақты ұсыныстар жасайтын ықпалды орталыққа айналуды көздеп отыр.

Жалғас Сәдібекұлы

Хабарламаларға жазылу