Маман мәртебесі: Ветеринария саласының берекесі кетіп тұр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Маман мәртебесі: Ветеринария саласының берекесі кетіп тұр

15.11.2022

Ветеринария саласын тез арада реформалау керек. Жыл сайын бұл мамандық бойынша 1200 адам диплом алғанымен, олардың тең жартысы жұмыс істемейді. Себебі еңбекақы аз, материалдық жағдайы - жұтаң. Саланы жақсарату үшін 2020 жылдан бастап облыстық бюджеттен қаржыландыруға ауыстырған. Бірақ одан соң да, жағдайдың оңалғаны шамалы. Ендігі бұл саланы дамытудың амалы қандай?

Жас келсе - іске. Бірақ, қиындығы мен тәуекелі көп ветеринария қызметіне жастардың барғысы жоқ. Сондықтан зейнетке шықса да Қизат Түсіпжанов амалсыз өзі жүр. Қырық жыл мал дәрігері болған маманның айтуынша бұл салада шешілмеген мәселе көп.

Қизат Түсіпжанов, ветеринар:
Техника жоқ. Бір ғана Нива округ бойынша. Бес ауылға баратын. Жүреміз бір-біріміз кезек-кезек мініп. Кейде жазда мен өз учаскемді жаяу жүріп аралаймын. Зейнетте болсам да келіп көмектесіп жүрмін.

Көмектеспеске лаж жоқ. Жалпы, Көкпекті ауылында 12 ветеринар болу керек. Ал қазір 6-7 маман ғана жұмыс істейді. Әр маман аз дегенде 4-5 ауылдың малына қарайды.

Ақылдаспай атқарылған істің бір жылдан соң алқам-салқамы шыққан.

Бауыржан Сарманов, ветеринар:
Жалпы бір ауылға бір қоршау жетеді. Ал мынадай округке малды сен мына жақтан ар жаққа айдай алмайсың. Бізге Көкпекті округіне үш қора керек. Біз белсенділік танытып істеп отырмыз. Өзіміз жағдайымызды жасап, темір-терсекті жинап, бір кісі үйден әкеледі. Кім қоқыстан барып алып келеді.

Арнайы киім-кешек пен құрал да жетіспейді. Сондықтан білікті мал дәрігерлері үшін жеке шаруашылықтарда еңбек еткен тиімді.

Рая Әйкенова да бұрын ауылда ветеринар болған.15 жыл бұрын өңірдегі ірі агрохолдингке ауысқан. 40 жыл осы салада еңбек етіп, зейнетке шықса да өзінің мамандығынан қол үзгісі жоқ. Білікті ветеринар енді жастарды тәрбиелеп жүр.

Рая Әйкенова, ветеринар:
Өзіміз мына меншік ұжымда істеп жүрміз. Жұмыс орнымыз жақсы. Анау мемлекеттікте жүрген жігіттер өте қиналады. Оларда мынадай еркіндік жоқ. Сондықтан оларды кішкене көтеру керек.

Қазір мемлекеттік ветеринарлық санитар 85 мың, ал дәрігерлер жұмыс өтіліне қарай 180-нен 200 мың теңге жалақы алады.

Ауылдағы ветеринарлық тірек бөлімдердің көбінің аты бар да, заты жоқ. Техниканың жаңармағанына 10 жыл болған. Мамандардың көбі өз көлігімен жүреді. Ал облыстағы осы салаға жаупты басшылар мемлекеттік қадағалау-бақылау мен ветеринарлық қызмет көрсетуді бір мекемеге біріктірген жөн деп отыр.

Ертай Батхолдин, облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы:
Ветеринарлық басқарма жергілікті бюджеттен қаржыландырады. Мемлекеттік бақылау, қадағалау комитеті республикалық бюджеттен қаржыланады. Бір болғаны дұрыс. Бір ғана адам басқарғаны дұрыс.

Ветеринар мамандар ауыл шаруашылығы саласында еңбек еткенімен мәртебесін айқындайтын нақты заң әлі жоқ. Сондықтан, олар әлеуметтік жағынан қорғалмай келеді.

Олжас Керейхан


Хабарламаларға жазылу