Қызылордада дәстүрлі «Бал-бала» жас өнерпаздардың байқауы өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қызылордада дәстүрлі «Бал-бала» жас өнерпаздардың байқауы өтті

15.11.2022

Қызылордада дәстүрлі «Бал-бала» жас өнерпаздардың байқауы өтті. Биыл 15-ші мәрте ұйымдастырылған өнер бәйгесіне өңірден 800-ге жуық балғын қатысып, үш кезең бойынша сайысқа түсті. Өнерлі балақайлардардың фестивалі бүгінде облыстық «Қызылорда» телеарнасының ең ауқымды жобаларының бірі.

Биылғы байқау «балалар жылына» арналды. Жас өнерпаздар әуелетіп ән шырқап, мың бұрала билеп, бір бірінен асып түсіп жатты. Тағы бір ерекшелігі балғындар тек туған жер тақырыбында патриоттық әндерді шырқады. Бойындағы талантын үлкен сахнада паш еткен кішкентай өнер иелері көрермендерді ғана емес, қазылар-алқасын да айрықша тәнті етті.

Эльмира Қанатбаева, байқау ұйымдастырушысы:

Балабақша жасындағы балалардың арасында үлкен мереке өтіп жатыр. Бұл байқау бірінші болған кездегі балалардың деңгейімен қазіргі бүгінгі таңдағы балабақшаның жұмысының деңгейі аспан мен жердей десем қателеспеймін. Өсу деңгейі өте керемет.

«Бұлақ көрсең көзін аш» деген. Он бес жыл ішінде осы байқаудан бастап, бүгінде өнер әлеміне қанат қаққан шын таланттар жетерлік. Бұрын фествиаль қала балабақшалары арасында өтсе, биыл ауыл-аймақтан да өнерлі бүлдіршіндер қатысып, ауқымы кеңейе түсті.

Жадыра Ахметова «Нұр-Рахман» балабақшасының меңгерушісі:

Бал-бала байқауының 15 жылдығы құтты болсын! Өте жоғары деңгейде өтіп жатыр. Біз енді бірінші жылымыз қатысып отырған. Өте жақсы әсер алып отырмыз. Қуаныштымыз осындай байқауға қатысқанымызға. Балаларымызға сәттілік тілейміз.

800 өреннің өнерін тамашалаған қауым бұл күні ғажайып көңіл-күйге бөленді. Ал байқауда бақ сынаған балғындардың барлығы марапатқа ие болып, түрлі сыйлықтар табысталды.

Әділбек Серікұлы

Хабарламаларға жазылу