Биылғы 10 айда Қазақстан экономкасының өсу қарқыны 2,5 пайызға жетті. Дегенмен инфляция өсімі де жеделдеген. Әсіресе қазан айында. Бүгін Үкімет отырысында Премьер-Министр баға тұрақтылығы бойынша да әкімдіктердің жұмысын сынға алды.
Шерхан Жамбылұлы, тілші:
Бүгін қаржыгерлер күнінде Үкіметте еліміздің 10 айдағы дамуы мен бюджеттің атқарылуы талқыланды. Бірінші болып Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров баяндама жасады. Оның мәліметтеріне қарағанда биыл Қазақстанда барлық дерлік салада өсім бар. Мәселен нақты сектордағы өсім 2,8 пайыз, қызмет көрсету саласында 1,6 процент. Ал негізгі капиталға салынған инвестициялардың өсу қарқыны 6,7 пайызды құрады.10 айда 11,7 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Ал тау-кен өндіру өнеркәсібінің қарқыны сәл баяулаған.Экономикалық көрсеткіштер бойынша фаворит өңірлер мен аутсайдерлер де айтылды. 7 өңірде, атап айтқанда Қостанай, Ақмола, Жамбыл, Шығыс Қазақстан, Қызылорда облыстарында, Алматы және Шымкент қалаларында барлық сала бойынша өсім бар.Ал Ұлытау, Абай және Маңғыстау облыстарында өсу қарқыны ең төмен болып шықты. Премьер-Министр әкімдер мен министрлерге инвестиция тарту мен жұмыс орнын ашу бойынша жұмысты күшейтіп, бағаны бақылауда ұстауды тапсырды.
Әлихан Смайылов, Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі:
Сонымен қатар бағаның өсуін тежеу жұмыстарын тұрақты бақылауда ұстау керек. Биылғы жылдың қазан айында инфляция өсімі жеделдеді. Бұл процесске азық-түлік тауарлары бағасының өсуі айтарлықтай әсер етіп отыр. Бұл, бірінші кезекте әкімдіктер тарапынан қабылданып жатқан шаралардың жеткіліксіз екенін көрсетеді.
Шерхан Жамбылұлы, тілші:
Ал бюджеттің кіріс-шығысы туралы Ерұлан Жамаубаев баяндады. Биыл мемлекет қазынасына 12 трлн 427 млрд теңге түсті. Дегенмен милиардтаған теңге игерілмей қалыпты. Мәселен республикалық бюджет бойынша 278 млрд теңге игерусіз қалған. Бұл бойынша Индустрия және инфрақұрылымдық даму, Ішкі істер, Төтенше жағдай және Оқу-ағарту министрлігінің көрсеткіштері төмен. Ал өңірлерге бөлінген 520 млрд теңгені әкімдер игере алмай жатыр. Ең көп игерілмеген сома Астана қаласы, Маңғыстау, Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстарында.