Түркістан музыкалық драма театрында «Мағжан» спектаклінің премьерасы өтті.
Жас драматург Алмас Нүсіптің ақын, ғалым, аудармашы, алаш қозғалысының қайраткері – Мағжан Жұмабаев жайындағы туындысы көрермен назарына ұсынылды. Қойылымды Италиялық режиссер Davide Livermore сахналаған. Ал Мағжан бейнесін белігілі, талантты әртіс Еркебұлан Дайыров сомдады. Өзге рольдерді Зарина Кармен, Али Марат сынды елімізге танымал әртістер орындады. Яғни, актерлердің дені жастар. Сахналық қойылымның идея авторы және көркемдік жетекшісі - Айнұр Көпбасарованың айтуынша, көрермен спектакльден жас Мағжанның, өмірге ғашық ақынның, елі үшін азап шеккен қайраткердің және геноцидке ұшыраған қазақ халқының ауыр тағдырын көре алды. Мағжанның ел үшін жасаған еңбегі, батырлығы, жанкештілігі бейнеленді.
Айнұр Көпбасарова, театрдың көркемдік жетекшісі:
Сол ашаршылық заманда жасы отызға келмеген Мағжанның жылу жинап, қаншама қазақтың отбасына көмек бергенін біле бермейміз. Тіпті оның қасында жүрген Бернипяздың өзі тарихта кейде айтылса, кейде айтылмай жатады. Қаншама жас буын қазіргі кезде үлгі болатын, өнеге болатын қойылымды біз жастарға ұсынғымыз келді.
Айнұр Ақбаева