Стамбұлдағы жарылыста қаза тапқандар мен жаралылардың арасында қазақстандықтар жоқ. Еліміздің Түркиядағы Бас консулдығы осылай деп мәлімдеді. Ал, террактіге қатысы болуы мүмкін деген күдікпен тағы бірнеше адам қамауға алынды.
Айдос Әшімұлы, тілші:
Біз қазір кеше түстен кейін жарылыс болған Истикляль көшесінде тұрмыз. Бұл жер туристер өте көп жүретін Стамбұлдың атақты Таксим алаңына жалғасып жатқан жаяу жүргіншілерге арналған көше. Түркия ішкі істер министрі жасаған мәлімдемеге сай, бомба салынған сөмкені осы жерге әкелген адам түнде қамауға алынған. Одан бөлек, осы оқиғаға қатысы бар деген күдікпен тағы 21 адам ұсталды. Қазір қайтыс болған алты адамның да аты-жөндері анықталды. Олардың барлығы да Түркия азаматтары және үш отбасының мүшелері. Яғни екеуі ерлі-зайыпты, екеуі әкелі-балалы және екеуі анасы мен қызы.
Сүлейман Сойлу, Түркияның ішкі істер министрі:
Жараланған 81 адамның 50-іне дәрігерлер тиісті ем жасаған соң үйлеріне қайтарылды. Көпшілігінің қатты жарылыстан соң тек құлақтары шыңылдаған. Тағы бірнеше адам қазір дәрігерлер бақылауында. Жараланғандардың бесеуі жансақтау бөлімінде жатыр, екеуінің жағдайы ауыр.
Айдос Әшімұлы, тілші:
Оқиға орнында түні бойы айғақтар жинақталып, тергеу амалдары жалғасты. Таңертеңнен бастап Истикляль көшесі туристер мен қала тұрғындары үшін қайта ашылды. Дегенмен қауіпсіздік шаралары күшейтілген. Алдын ала мәліметтерге сай жарылысты «Күрд жұмысшы партиясы» террорлық ұйымы жасағаны айтылды. Ал, Қазақстанның Стамбұлдағы Бас консулдығы Түркияның арнайы қызметтерімен әрдайым байланыста екенін және қаза тапқандар мен жаралылар арасында қазақстандықтар жоқ екенін мәлімдеді.
Айдос Әшімұлы