Самарқандағы жиын: Бірқатар маңызды құжатқа қол қойылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Самарқандағы жиын: Бірқатар маңызды құжатқа қол қойылды

11.11.2022

Түркітілдес халықтардың құрлық ішіндегі көлік-транзит дәліздерін дамытуы айрықша маңызды. Түркі мемлекеттері ұйымының саммитінде осындай пікір білдірген Мемлекет басшысы әріптестерін осы бағдарды барынша пайдалануға шақырды. Әсіресе шекара бекеттерін жаңғыртуымыз керек,- деді.

Ақерке Бектас, тілші:

Жиында Қасым-Жомарт Тоқаев дүниежүзін, әсіресе Түркі мемлекеттерін алаңдатқан бірқатар маңызды мәселеге тоқталды. Бірнеше ұсыныс айтты. Бастысы «Қазақстан барлық мемлекеттің территориялық тұтастығын сөзсіз қолдайды. БҰҰ Жарғысын мүлтіксіз сақтау қажет деп есептейді» деп ел ұстанымын жеткізді. Экономика, тауар тасымалына қатысты бауырлас елдер арқылы өтетін Транскаспий халықаралық көлік дәлізін тиімді пайдалануға шақырды. Қазақстан логистиканы дамытуға 20 млрд доллар инвестиция тартады. Мемлекет басшысы «Жасыл экономиканы» дамытуға да басымдық беруге шақырды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Әлем елдері соңғы 7 жылда «жасыл» облигацияларға 2,5 триллион доллардан астам қаржы бөлді. Осы ретте мен бұл саладағы капитал нарығын дамыту үшін «Түркі жасыл қаржы кеңесін» құруды ұсынамын. Оны «Астана» халықаралық қаржы орталығының Жасыл қаржы орталығы негізінде ашуға болар еді. Бүгінде «Астана» халықаралық қаржы орталығы әлемдегі ірі компаниялар арасында танымал болып, жоғары деңгейде мойындалды. Ол жаңа Кеңестің Хатшылығы қызметін атқара алады.

Ақерке Бектас, тілші:

Самарқандағы саммитте ұйым мүшелері Түркі экономикалық форумын өткізуді, транспорттық байланысты нығайтуды ұсынып отыр. Сонымен бірге азық-түлік қауіпсіздігіне ерекше назар аударуға үндеді. Сондықтан Түркі елдерінің агрофорумын өткізу туралы да бастама көтерілді. Бірқатар маңызды құжатқа қол қойылды. Қырғызстандық дипломат Қуанышбек Өміралиев ұйымның бас хатшысы болып тағайындалды.


Хабарламаларға жазылу